Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Жоғары энергетикалық физика, үдеткіштер техникасы және ядролық медицина бойынша Халықаралық мектеп жұмысы аяқталды

Осы аптада Алматыда қазақстандық жоғары оқу орындарының студенттері әлемнің жетекші ғалымдарының дәрістерін тыңдады. 9-13 қазан аралығында Ядролық физика институты (ЯФИ) ұйымдастыруымен Қазақстан-Британ Техникалық Университетінің (ҚБТУ) қабырғасында жоғары энергетикалық физика және жеделдету техникасы бойынша Халықаралық мектеп өтті. Оның жұмысына АҚШ, Швейцария, Әзірбайжан, Италия, Өзбекстаннан ядролық физика саласындағы 22 ғалым мен сарапшы қатысты. Бұл іс-шара Қазақстан мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы 2018 жылы қол қойылған Халықаралық келісімнің арқасында ұйымдастырылды. Биыл Халықаралық мектеп алтыншы рет өткізілді, оған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ның, ҚБТУ , Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Ядролық физика институты және т.б 80 жас ғалымдары мен студенттері қатысты. Халықаралық мектептің жұмысын құттықтау сөзімен институттың бас директоры Сахиев Саябек Қуанышбекұлы ашып, аталған мектептің 2010 жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын атап өтті. -Мектеп Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы (CERN), Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі және қазақстандық Ядролық физика институты жанынан ұйымдастырылған. Биылғы жылы мектеп алтыншы рет өткізіліп отыр, яғни оның өз тарихы бар.Мектептің дәстүрі 2010 жылы қаланды және Астанадағы Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде алғашқы Халықаралық мектеп өтті — деп айтты бас директор. Мектеп жұмысында шетелдік ғалымдармен қатар құрметті қонақтар арасында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арғынбекова Айнұр Серікпайқызы және ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті Закария Күнсұлу Далтонқызы болды. Құрметті қонақтар Ядролық физика институтының отандық ғылымды дамытудағы бірқатар жетістіктерін атап өтті. Олар бұл іс-шара еліміз бен Еуропалық ядролық зерттеулер орталығы арасындағы ғылым мен техника саласындағы интеграциялық байланыстарды одан әрі нығайтуға, Республиканың имиджін арттыруға қызмет ететінін атап өтті. Ғылым прогрестің қозғаушы күші екенін бәрі біледі. Жаһандық өзгерістер, әлемдік инновациялық даму, технология дәуірі де ғылымға үлкен серпін береді.Мұның бір дәлелі-2023 жылдың 13 маусымында Женевада Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Ядролық физика институты мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымындағы NA62 арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осылайша, NА62 Қазақстан кірген CERN-де жүзеге асырылған алғашқы эксперимент болып табылады. Ядролық физика институтының NA62 – ге қатысуы отандық ғылым үшін алғашқы және сонымен бірге маңызды қадамдардың бірі болып табылатыны және басқа эксперименттерге кезең-кезеңімен енгізу бойынша жұмыстар жүргізілетіні атап өтілді– деп атап өтті Күнсұлу Далтонқызы. Бүгінгі таңда Институт Қазақстанның атом саласындағы жалғыз ғылыми ұйымы болып табылады, онда іргелі зерттеулерден бастап өнеркәсіптік өндіріске дейінгі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклі іске асырылады, сондай-ақ ғылымды қажетсінетін өнімдер мен технологияларды коммерцияландыруда жоғары нәтижелер көрсететін жетекші институттардың бірі болып табылады. Сіздердің пікірталастарыңыздың негізінде байыпты зерттеу, аналитикалық, болжамды жұмыс бар екенін қанағаттанарлық түрде атап өтемін. Мұндай іргелі тәсіл бүгінде жоғары сұранысқа ие. Ол академиялық қоғамдастықты үлкен және маңызды мақсаттар төңірегінде біріктіруге, оның күш – жігерін еліміздің технологиялық көшбасшылығын, оның жаһандық ғылыми процеске тең қатысуын қамтамасыз етуге қабілетті неғұрлым перспективалы бағдарламалар мен бастамаларды іске асыруға жұмылдыруға мүмкіндік береді – деді Айнұр Серікпайқызы өз сөзінде. Мектеп жұмысында CERN – дегі CMS ынтымақтастығының мүшесіВиктор Ким, Флорида Университетінің қызметкері Катерина Кузнецова, DUNE коллоборациясының мүшесі Клаудио Монтанари, CERN – дегі ATLAS экспериментінің мүшесі Назим Гусейнов, CERN – дегі NА62 ынтымақтастығының мүшесі Темур Еник және т.б. жетекші ғалымдардың 20 – дан астам баяндамалары тыңдалды. Мектеп аясында мектепке қатысушылар Ядролық физика институтының негізгі базалық қондырғыларына баруға бірегей мүмкіндік алды. Олар- CCР-Қ Қазақстандағы жалғыз стационарлық ғылыми-зерттеу реакторы, ИЛУ-10 және кешенді экологиялық зерттеулер орталығы. Іс-шара соңында мектеп оқушыларына салтанатты түрде сертификаттар табысталды.