Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институты базасында жаңа зерттеу реакторын құру: келісімге қол қойылды

3-4 желтоқсан күндері Ядролық физика институтында зерттеу ядролық қондырғыларын жобалау, салу және пайдалану мәселелеріне арналған семинар өтті. Іс шара Қазақстан мен Ресейдің жетекші мамандарын біріктіріп, тәжірибе алмасу және елдің зерттеу ядролық инфрақұрылымын одан әрі дамыту мәселелерін талқылау алаңы болды. Семинар Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің қолдауымен Ядролық физика институты мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясы бірлесіп ұйымдастырды.

Семинарды ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев ашып, ғылыми-зерттеу базасын жаңғыртудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Ол сонымен қатар өнеркәсіп, атом энергетикасы және ғылыми сектордың дамуы заманауи тәжірибелік қондырғылардың құрылуын қажет ететінін айтты.


«Мемлекет басшысы атом саласының ғылыми негізін нығайтуға нақты тапсырма берді, қолданыстағы қондырғыларды жаңғыртып, жаңа қондырғылар құруды қамтамасыз ету қажет. Ядролық физика институтында зерттеу реакторын салу, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықта ұқсас жобаны жүзеге асыру, заманауи технологияларды дамытуға, кадрлар даярлауға және ғылыми-өндірістік мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған маңызды қадам. Қазақстан әртүрлі технологиялық шешімдерге ашық және әлемдік тәжірибені ескере отырып, оңтайлы конфигурацияларды қарауға дайын», - деді А.Сәтқалиев.


«Қазақстанның ядролық қоғамы» қауымдастығының президенті Владимир Школьник Алматыдағы ЯФИ аумағы мен инфрақұрылымын жаңа зерттеу реакторын орналастыру үшін барынша оңтайлы алаң ретінде бағалады. Сонымен қатар ол Қазақстанның атом энергетикасының даму тарихына тоқталып, Институтпен ұзақ жылдар бойы қалыптасқан ынтымақтастықтың маңыздылығында атап өтті.

Семинар аясында Ядролық физика институты мен «Росатом Технологии Сооружения» («РТС» ЖШС-і «Росатом» мемлекеттік корпорациясына қарасты) арасында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды. Құжат көпмақсатты зерттеу реакторын және зертханалық кешенді бірлесіп жобалауды, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану саласында ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.

Құжатқа Институт бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаков пен «Росатом Технологии Сооружения» ЖШС-ң бас директоры Илья Вергизаев қол қойды.

«Росатом Технологии Сооружения» ЖШС-ң бас директоры Илья Вергизаев Қазақстандық серіктестерге ынтымақтастықты нығайтудағы жүйелі жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа реактор елдің ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.

Екі күндік семинар барысында мамандар жаңа реактордың техникалық тұжырымдамалары мен мүмкін конфигурацияларын таныстырды, зерттеу бағыттарын, перспективалы материалдарды, заманауи изотоптық технологияларды және жаңа ғылыми нысанды іске қосқанда шешілетін міндеттерді талқылады.