Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЗЕРТТЕУ РЕАКТОРЫН ҚУАТҚА ШЫҒАРУМЕН ІСКЕ ҚОСУ РӘСІМІ ӨТТІ

29 наурыз күні Ядролық физика институтына жұмыс сапарымен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысы әкімдіктерінің басшылық құрамы және «QazInnovations» ұлттық инновацияларды дамыту агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы Санат Жолдыхан келді. Сапар барысында қонақтар елдегі атом өнеркәсібінің жетекші ғылыми ұйымының ғылыми-өндірістік қызметімен танысты. Олар Қазақстандағы жалғыз стационарлық ССР-Қ зерттеу реакторын, иондаушы сәулелену көздерін сақтайтын қойманы аралап, ССР-Қ зерттеу реакторын қуатқа шығарып іске қосу рәсіміне куә болды. Бұл маңызды сәтті Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жүзеге асырды.

Сапар қонақтарға Институттың ғылыми-техникалық қызметі туралы таныстыру презентациясынан басталды. Бас директор Саябек Сахиев Институттың құрылу тарихы, 11 негізгі электрофизикалық қондырғы, институттың ядролық және радиациялық технологияларды әзірлеу мен қолдану, медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптық өнімдер шығару сияқты маңызды бағыттары және ғылыми қызметкерлердің жарияланымдық жетістіктері туралы баяндады. Саябек Сахиев Институттың Web of Science деректер базасында жарияланған жұмыстар саны бойынша соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары арасында бірінші орын алатынын атап өтті.

Өз сөзінде бас директор Институттың Қазақстанның атом өнеркәсібі үшін мамандар даярлаудағы бай тәжірибесін атап өтті. Сонымен қатар, институт базасында атом электр станциялары үшін мамандарды дайындауға қажетті барлық инфрақұрылым, атап айтқанда, стационарлық зерттеу реакторы, критикалық стенд, әртүрлі типтегі үдеткіштер бар екенін айтты. Сондай-ақ, Институтта МАГАТЭ қолдауымен атом өнеркәсібі үшін мамандарды дайындайтын үш оқу орталығы жұмыс істейді.

Институт қызметімен танысу барысында қонақтар гамма-сәулелену көздері мен нейтрондық сәулелену көздерін ұзақ мерзімді сақтауға арналған қойманы аралады. Бұл қойма 2022 жылы пайдалануға беріліп, 12 САЙЛО типті ұяшықтан тұрады.

Сонымен қатар, қонақтарға зерттеу реакторының техникалық сипаттамалары таныстырылды.

Қазіргі уақытта ССР-Қ реакторы ядролық және термоядролық реакторлардың болашағы бар материалдарын радиациялық сынау, медицина мен өнеркәсіпке арналған радиоизотоптар өндіру, әртүрлі материалдардың элементтік құрамын нейтрондық-активациялық талдау және нысандардың ішкі құрылымын бұзбай зерттеу әдісі үшін қолданылады.