22 қаңтарда Ядролық физика институты, Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі және Baıserke Agro компаниясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық Алматы облысының Түзусай ауылында ғылым қалашығын дамыту жобасы аясында жүзеге асырылмақ.
Аталған ынтымақтастық атом саласындағы адами капиталды дамытуға, сондай-ақ оқушылардың ғылыми-техникалық және инженерлік бағыттарға ерте қызығушылығын қалыптастыруға бағытталған.
Меморандумға Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев, Алматы қаласы Медеу ауданының жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Ниятбай Ерболат және «Baıserke Agro» ЖШС-нің құрылтайшысы Чингиз Досмухамбетов қол қойды.
Қол жеткізілген келісімдер аясында Ядролық физика институты оқушыларға білім беру алаңы ретінде қызмет көрсетуге дайын. Сонымен қатар, Институт қызметкерлері NIS тарапына ағартушылық қызметке тартылып, дәрістер, практикалық сабақтар және таныстыру іс-шараларын өткізетін болады.
Үшжақты меморандум аясында тараптар жоба аумағында білім беру және ғылыми инфрақұрылымды дамыту туралы уағдаласты. Өз құзыреті шеңберінде Baıserke Agro компаниясы білім беру нысандарын, соның ішінде Назарбаев Зияткерлік мектебін орналастыру мүмкіндіктерін пысықтауға қатысады.
Жоба атом ғылымы мен жоғары технологиялар саласындағы болашақ мамандарды даярлауға бағытталған заманауи білім беру ортасын қалыптастырудың маңызды жобасы ретінде қарастырылады.