Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ-ға жоғары деңгейдегі сапар: ғылымнан — жаһандық экспортқа дейін

Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтарының бірі — Ядролық физика институты жоғары деңгейдегі делегацияны қарсы алды. Премьер-Министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған топ құрамында еліміздің бірқатар маңызды мемлекеттік органдарының өкілдері болды. Сапар аясында делегация институттың ғылыми-инновациялық әлеуетімен және бейбіт атомды дамытуға бағытталған жобаларымен танысты.

Делегация құрамына ұлттық экономика, энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрлері, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің төрағасы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы міндетін атқарушы, сондай-ақ Алматы облысының әкімі енді.

Қонақтарға ұсынылған жобалар қатарында жапондық Chiyoda Technology Corporation компаниясымен жүзеге асырылып жатқан кремнийді нейтрондық трансмутациялық қоспалау жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Бұл технология электрондық өнеркәсіп үшін қажетті жартылай өткізгіш материал алуға мүмкіндік береді және Қазақстанның цифрлық өндірістегі әлеуетін арттырады.

Институт ұсынған тағы бір ірі бастама — халықаралық серіктестікте жүзеге асырылып жатқан «Ультрасалқын нейтрондар» мега-сайенс жобасы. Аталған жоба 10 шет мемлекетпен бірлесіп іске асырылып жатыр және ядролық ғылымдағы іргелі зерттеулердің маңызды бағыты болып табылады. Сонымен қатар, зерттеу реакторында жүргізілген материалдар мен отынның реакторішілік сынақтарының нәтижелері ұсынылды. Бұл жұмыстар келешек ядролық және термоядролық реакторлар үшін аса маңызды.

Сапардың маңызды сәттерінің бірі — ССР-Қ зерттеу реакторының номиналды қуатқа шығуы болды. Бұл тарихи іске қосу мәртебесі Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге берілді. Ғылыми-зерттеу ғана емес, медициналық және өндірістік мақсатта да пайдаланылатын бұл бірегей реактор — Қазақстандағы бейбіт атомды қолданудың нақты үлгісі. Мұнда өндірілетін радиоизотоптар Еуропаға экспортталады, мұнай-газ саласында және ПЭТ-сканерлерді дәл калибрлеуде қолданылады.

Сапар аясында делегация Радихимия және изотоптар өндірісі жөніндегі ғылыми-техникалық орталықтың жұмысымен танысты. Орталықта фтор-18, йод-131 және молибден-99 изотоптары негізінде диагностикалық және терапиялық радиофармпрепараттар өндіріледі. Бұл өнімдер еліміздегі ядролық медицина орталықтарына үздіксіз жеткізіліп, халық денсаулығын сақтауға үлес қосып келеді.

Кездесу соңында Институт басшысы Саябек Сахиев мекеменің алдағы даму жоспарларын таныстырды. Жобалардың ішінде медициналық мақсаттағы жаңа, жоғары сұранысқа ие және құны қымбат германия-68 пен актиний-225 изотоптарын өндіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған радиациялық технологияларды дамыту бар. Бұл бағыттар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, тұқымдарды зарарсыздандыру, өсімдіктер ауруларына қарсы күрес және ағынды суларды тазарту сияқты маңызды мәселелерді қамтиды.