Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ және МИФИ кездесуі: атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықты дамыту

Ағымдағы жылдың 28 қарашасында Институттың бас директоры Саябек Сахиев жетекшілік еткен делегация Мәскеу қаласында «МИФИ» Ұлттық зерттеу ядролық университеті басшылығымен ресми кездесу өткізді. Делегация құрамында бас директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұржан Садуев пен стратегиялық және орнықты даму департаментінің директоры Адильжан Сериков болды. Кездесу барысында тараптар атом станциялары үшін кадрларды бірлесіп даярлау мәселелерін талқылады.

Келіссөздер барысында бас директор Институттың қолданыстағы және дамып келе жатқан инфрақұрылымын, оның ішінде ядролық физикалық қауіпсіздік, радиациялық қауіпсіздік және бүлдірмейтін бақылау әдістері жөніндегі оқу орталықтарының қызметімен таныстырды. Сондай-ақ, ол болашақ білім алушылар мен жас мамандарға жайлы тұрмыс жағдайын қамтамасыз ететін, Институттың жаңа заманауи жатақханасының құрылысы аяқталып, алдағы ашылуы туралы хабардар етті.

Институтта ядролық энергетика саласындағы мамандарды даярлау үшін АЭХА ұсынған жабдықтар – нөлдік қуатты реактор мен аз қуатты реактордың болуына ерекше назар аударылды.

Қазақстанда «Росатом» бастаған Халықаралық консорциумның алғашқы атом электр станциясының салынуы жоспарланғанын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың МИФИ ҰЗЯУ ректоры Владимир Шевченкомен кездесуінің нәтижелерін ескере отырып, тараптар алдағы апталарда одан әрі ынтымақтастықтың басым бағыттарын егжей-тегжейлі талқылауға және өзара әрекеттестік туралы меморандум дайындауға келісті.