Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ қызметкерлері атом саласы үшін изотоптарды бақылау бойынша Бельгияның озық тәжірибесін меңгеруде

28-31 қазан аралығында Кешенді экологиялық зерттеулер орталығының қызметкерлері – орталық басшысы Адилжан Сериков, аға ғылыми қызметкер Марина Красноперова және ТФӨЗ спектрометрия тобының жетекшісі Ольга Мильц – қоршаған ортадағы көміртек изотопы С-14-ті анықтау бойынша оқудан өтті. Оқу Бельгияның әлемдік ядролық ғылымда жетекші орын алатын екі ғылыми институты – Ядролық зерттеулер орталығы (SCK-CEN) және Зерттеулер мен бағалау институты (IRE) базасында өтті.

Тәжірибеден өту барысында бельгиялық орталықтардың мамандары Ядролық физика институтының өкілдерімен сұйық және қатты үлгілердегі С-14 изотопының құрамын анықтаудың бірегей әдістемелерімен бөлісті. Атом нысандарының жанында алынған азық-түлік өнімдерінде, өсімдіктерде және су үлгілерінде С-14 және тритий (Н-3) концентрациясын бақылау – шығарылымдарды мониторингтен өткізу және ядролық қондырғылардың сенімділігін қамтамасыз ету үшін маңызды шара болып табылады.

Институт қызметкерлерінің осы әдістерді меңгеруі елімізде алғашқы атом электр станциясының құрылысына дайындық тұрғысынан ерекше маңызға ие.