17–19 тамыз аралығында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Президенті Ақылбек Күрішбаев бастаған Академия делегациясы Бейжің қаласына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында Ядролық физика институтының атынан ғылыми жұмыс жөніндегі бас директордың орынбасары Асхат Бекбаев қатысты.
Сапардың негізгі оқиғасы ҚР ҰҒА Президенті А.Қ. Күрішбаевтың Қытай ғылым академиясының Президенті Хоу Цзяньгомен және ҚҒА вице-президенті Хэ Хунпинмен кездесуі болды. Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың төрт басым бағытын айқындады, соның бірі — ядролық физика және энергетика. Тараптар жалпы академиялық өзара іс-қимылдан нақты ғылыми-технологиялық жобаларды жүзеге асыруға, бірлескен зерттеу топтарын құруға, эксперименттер жүргізуге, мамандар алмасуға және ғылыми кадрлар даярлауға көшуге мүдделі екенін білдірді.
Сонымен қатар Цинхуа университеті мен Қытайдағы ядролық энергетика саласындағы жетекші орталықтардың бірі — Ядролық және жаңа энергетикалық технологиялар институтының (INET) басшылығымен жеке кездесулер өтті. Институт эксперименттік реакторлық инфрақұрылымға, сондай-ақ реакторлық физика, жылу гидравликасы, ядролық қауіпсіздік, материалтану және ядролық отын циклі салаларындағы құзыреттерге ие. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ретінде шағын модульдік реакторлар, ядролық қондырғыларды модельдеу және ғылыми-инженерлік сүйемелдеу, радиацияға төзімді материалдарды әзірлеу, ядролық отынның перспективалы түрлерін, соның ішінде TRISO және MOX отынын зерттеу, сондай-ақ жаңа буындағы реакторлардың сенімділігі мен қауіпсіздігі мәселелері қарастырылды.
Қазақстанның атом саласы үшін мамандар даярлау мәселесіне ерекше назар аударылды. Цинхуа университетімен және INET-пен ынтымақтастық бірлескен білім беру бағдарламаларын, жас ғалымдар мен инженерлік-техникалық қызметкерлердің тағылымдамаларын, магистранттар мен докторанттарға ғылыми жетекшілік етуді, сондай-ақ тараптардың эксперименттік инфрақұрылымы базасында бірлескен зерттеулер жүргізуді қамтуы мүмкін.
Өткізілген кездесулер Қазақстан мен Қытайдың бейінді ғылыми ұйымдары арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға негіз екенін айғақтады.