28 наурыз күні Новосибирск қаласында Қазақстан Республикасының Ядролық физика институты мен Г.И. Будкер атындағы Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің Ядролық физика институты делегациясының жұмыс кездесуі өтті. Делегация құрамына бас директор Саябек Сахиев және үдеткіш технологиялары ғылыми-техникалық бөлімінің басшысының орынбасары Игорь Данько кірді. Ресейлік әріптестермен келіссөздер барысында бірлескен зерттеулердің перспективалары талқыланды.
Кездесу барысында негізгі назар өнеркәсіптік электрондық үдеткіштер негізінде радиациялық технологияларды дамытуға, сондай-ақ ядролық физика, жоғары энергиялар физикасы және элементар бөлшектер саласындағы ынтымақтастыққа аударылды. Сонымен қатар, ИЯФ РК делегациясы ЭЛВ және ИЛУ сериялы үдеткіштері жасалып, өндірілетін өндірістік алаңдарды аралап, ВЭПП-2000 электрон-позитрондық коллайдерін көрді.
Екі институт арасындағы ынтымақтастық ғылымдағы жаңа жетістіктерге қол жеткізу үшін ғалымдардың күш-жігерін біріктіре отырып, озық зерттеулерге жол ашады.