4 ақпанда Ядролық физика институты (ЯФИ) Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (Energo University) ректоры Ғани Нығыметов бастаған делегациясын қабылдады.
Сапар барысында университет өкілдері институттың ғылыми-өндірістік қызметімен танысты. Қонақтар үшін шолу экскурсиясы ұйымдастырылып, оның аясында олар ЯФИ-дың негізгі ғылыми нысандарын аралады.
Кездесу кезінде ЯФИ бас директоры Саябек Сахиев институт қызметі туралы кеңінен баяндап, оның Қазақстанның атом саласын дамытудағы негізгі рөлін атап өтті. Ол ЯФИ – бұл елдегі ядролық технологиялар саласында толыққанды ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізетін жалғыз ғылыми ұйым екенін ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ, ол институттың атом саласы үшін мамандар даярлаудағы маңызды үлесін атап өтті. Институт базасында бірегей инфрақұрылым құрылған, оның құрамына зерттеу реакторы, критикалық стенд, әртүрлі типтегі үдеткіштер және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) қолдауымен жұмыс істейтін үш оқу орталығы кіреді.
Кездесудің басты тақырыбы – бірлескен жұмыстың болашағы болды. Маңызды бағыттар қатарында:
• Шағын модульдік ядролық реакторларды әзірлеу, олар болашақта Қазақстанның энергетикалық инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.
• Ғылыми зерттеулерде жасанды интеллектті пайдалану.
• Атом саласы үшін кадрлар даярлау.
ЯФИ пен Energo University ғылым мен инженерлік әзірлемелерді біріктіре отырып, энергетика және жоғары технологиялар саласындағы стратегиялық міндеттерді шешу үшін белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.
Гумарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті — Қазақстан мен Орталық Азиядағы жетекші техникалық жоғары оқу орындарының бірі болып табылады, ол энергетика, телекоммуникациялар, ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік, ғарыштық инженерия, робототехника және жасанды интеллект сияқты салалар үшін кадрлар даярлайды.