Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ Францияға кобальт изотопын жеткізетін болады

ЯФИ Францияға кобальт изотопын жеткізетін болады. Бүгін Институт "Orano" корпорациясының "laboratoire d' Etalons d'Activite" француз компаниясымен "Кобальт-57" жеткізу мақсатында келісім-шарт жасасты. Orano корпорациясы - Француз трансұлттық корпорациясы, ядролық отын өндірісі бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі.

"Кобальт-57" өндірісінің технологиялық процесін Институт мамандары осыдан 3 жыл бұрын әзірлеген. Бұл изотоп шетелде үлкен сұранысқа ие. Ол негізінен кейбір ауруларды ерте кезеңде диагностикалау үшін ядролық медицинада қолданылатын томографтарды калибрлеу үшін қолданылады. Кобальт-57 радиоизотопын өндірудің негізгі кезеңі Cyclone 30 циклотронында өтеді, процесс шамамен 100 сағатты алады. Содан кейін сәулеленген нысана түріндегі аралық өнім радиохимиялық өңдеуге жіберіледі. Ал тұтынушы оны бірнеше айдан кейін дайын күйінде ала алады.

Институт өткен жылы неміс компаниясымен Кобальт-57 жеткізу бойынша ірі келісімшарттардың бірін жасасты. Бұған дейін қазақстандық Кобальт-57-ні радиофармацевтикалық препараттардың бүкіл әлемдік нарығының жартысына жуығын қамтамасыз еткен ресейлік компания сатып алған болатын. Бүгінгі таңда институт тұрақты түрде Қазақстан Республикасындағы радиофармацевтикалық препараттардың жалпы өндірісінің 75% өндіріп, аталған радиофармацевтикалық препараттарды Қазақстан Республикасының медициналық мекемелеріне жеткізуде. 2022 жылдың соңында радиоактивті изотоптарды өндіру 2021 жылмен салыстырғанда 114%-ға өсті.