Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ-де радиациялық қауіпсіздік бойынша мамандар даярланды

2–6 наурыз аралығында Ядролық физика институтының Радициялық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы «Радиациялық қауіпсіздік және радиациялық бақылау» атты мамандандырылған курсты өткізді.

Оқу бағдарламасы иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істейтін мамандардың біліктілігін арттыруға және радиациялық қауіпсіздік мәдениетінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталды. Курсқа барлығы 10 тыңдаушы қатысты. Олардың қатарында сыртқы ұйымдардың қызметкерлері мен Институт мамандары болды. Сонымен қатар, 4 өзге қаладан келген тыңдаушыға оқу кезеңінде Институттың жатақханасында тұру ұйымдастырылды.

Бағдарлама аясында қатысушылар радиациялық қауіпсіздіктің заманауи талаптары, радиациялық бақылау әдістері және сәулелену көздерімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етудің практикалық аспектілері бойынша жан-жақты білім алды.

Оқу қорытындысы бойынша тыңдаушылар қорытынды емтиханды сәтті тапсырды. Курс тыңдаушыларына курсты аяқтағанын растайтын сертификаттар табысталды.

Мұндай білім беру бағдарламаларын өткізу Ядролық физика институтының мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру бағытындағы маңызды қызметінің бірі болып табылады. Сонымен қатар, бұл жұмыс иондаушы сәулелену көздерімен жұмыс істейтін ұйымдарда радиациялық қауіпсіздік мәдениетін дамытуға ықпал етеді.