Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ-де Наурыз мейрамы тойланды

ЯФИ-де Наурыз мейрамы тойланды

2023 жылдың 28 cәуірінде Ядролық физика институты Ұлыстың Ұлы мейрамы — Наурыз мерекесін сән-салтанатпен атап өтті. Институт алаңында киіз үй тігіліп, арнайы мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына келген қонақтардың қатарында ҚР ғылым академиясының академиктері, ғалым-профессорлар және шетелдік меймандар болды. Жиналғандарды Наурыз мерекесімен алдымен Институт бас директоры Саябек Сахиев құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде Институт басшысы Наурыз ынтымақ пен бірліктің мерекесі екенін атап өтіп, Ядролық физика институтының атом өнеркәсібіндегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың толық циклін жүргізетін жалғыз институт екенін айта кетті. Алдағы уақытта елімізде ғылым саласының дамуына үлкен үлес қосатын мега-сайенс жобалармен бөлісті. Салтанатты шара аясында қазақтың салт-дәстүрлерінің бірі — тұсаукесер рәсімі ұлықталды. Көпшілік назарына ұлттық тағам Наурыз көженің даярлану әдісі көрсетілді. Сондай-ақ, эстрада әншілері мен Институттың өнерлі қызметкерлері ән айтып, домбыра, аккардеон,виолончель аспаптарында өнер көрсетіп көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара аясында қазақтың ұлттық спорт түрлері: арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу сынды ойындар ұйымдастырылды. Жеңімпаздар сыйлықтармен марапатталды. Қызметкерлер мен меймандар үшін мерекелік дастархан жайылып, басты тағам Наурыз көже таратылды.

Ұлттық костюмдер, халық әндері мен билері ұлттық дәм, достық атмосфераны қалыптастырып, салтанатты шараның жоғары деңгейде өтуіне септігізін тигізді.