Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ бас директоры Саябек Сахиевтің БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен кездесуі

27 мамырда Ядролық физика институты делегациясының АҚШ-қа жұмыс сапары аясында бас директор Саябек Сахиев БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Омаровпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Саябек Сахиев ЯФИ ғалымдарының Ферми ұлттық зертханасы (Fermilab), Массачусетс технологиялық институты (MIT), Брукхейвен ұлттық зертханасы (BNL) және басқа да жетекші ғылыми орталықтарда жүзеге асырып жатқан бірлескен ғылыми зерттеулері мен халықаралық жобаларға белсенді қатысуы туралы баяндады.

Кездесуде қазақстандық мамандардың ірі халықаралық ғылыми коллаборацияларға қатысу перспективалары мен америкалық ғылыми орталықтармен ынтымақтастықты дамыту мәселелері ерекше назарға алынды.

Сондай-ақ Алматыда Ядролық криминалистика бойынша халықаралық орталық құру жобасы аясында АҚШ Энергетика министрлігімен (DOE) стратегиялық серіктестік мәселесі жеке қарастырылды. Бұл жоба ядролық қауіпсіздік пен таратпау саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Тараптар ғылыми байланыстарды кеңейту, қазақстандық ғылыми бастамаларды халықаралық аренада ілгерілету және жас ғалымдарды қолдау мәселелерін талқылады. Мұндай кездесулер Қазақстанның әлемдік ғылымдағы орнын нығайтып, отандық мамандар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деген ортақ пікір айтылды.