Ғылыми қауымдастық Қазақстаннан шыққан жаңа халықаралық басылыммен толықты. 17 сәуір күні Ядролық физика институтында Advances in Nuclear Science and Applications ғылыми журналының алғашқы шығарылымының ресми тұсаукесері өтті. Бұл журнал ядролық ғылым мен технологиялар саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді біріктіретін басылым ретінде ұсынылып отыр. Жаңа журнал — ашық білім алмасуға ықпал ететін, жоғары ғылыми деңгейдегі халықаралық платформа ретінде қарастырылады.
Жарияланымдар ағылшын тілінде жарық көреді. Журнал жылына төрт рет — наурыз, маусым, қыркүйек және желтоқсан айларында шығады. Ол академиялық басылымдардың халықаралық стандарттарына сәйкес әзірленіп, Scopus пен Web of Science сияқты жетекші ғылыми дерекқорларға енгізілуге бағытталған. Барлық мақалалар қосарлы жасырын рецензиядан өтеді және журналдың ресми сайтында ашық қолжетімділікте орналастырылады: https://journal.inp.kz/.
Редакциялық алқа құрамында Ресей, Италия, Жапония, АҚШ, Түркия, Польша, Румыния және Қазақстанды қоса алғанда, сегіз елдің оннан астам танымал сарапшылары бар. Олардың қатарында Біріккен ядролық зерттеулер институты (Ресей), Ядролық физика институты (Қазақстан), INFN (Италия), JAEA (Жапония), Argonne National Laboratory (АҚШ) және өзге де алдыңғы қатарлы ғылыми ұйымдар бар.
Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев журналға қатысты үлкен жоспарлар барын атап өтті: «Журналды шығару идеясын жүзеге асыруға біз бірнеше жыл бойы мақсатты түрде дайындалдық. Бұл – жүйелі әрі табанды жұмыстың нәтижесі. Қазір бізде үлкен жоспарлар мен биік үміттер бар. Біз халықаралық стандарттарды қатаң ұстанамыз және Advances in Nuclear Science and Applications журналы әлемдік ғылымда лайықты орын алады деп сенеміз».
Журналдың бас редакторы, профессор Михаил Иткис былай деп қосты: «Алты ай бұрын ірі ғылыми конференция барысында біз журналдың алғашқы нөмірін наурыз айында шығаруға шешім қабылдадық — және бұл уәдемізді орындадық. Мен командамызбен мақтанамын және осы жобаның жүзеге асуына күш салған барлық әріптестерге алғысымды білдіремін. Әсіресе жас зерттеушілерге үн қатқым келеді — мақалаларыңызды жіберіңіздер, біз сіздердің еңбектеріңізді асыға күтеміз. Журнал болашақта ғылыми қоғамдастықта елеулі платформаға айналып, Web of Science дерекқорындағы Q1–Q2 квартиліне енетініне сенімдімін».
ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Сыртқы бағалау және талдау басқармасының басшысы Қарлығаш Сакенова журналдың ашылуын тарихи маңызы бар оқиға деп атады: «Ядролық физика институтының ғылыми беделін және редакциялық алқаның құрамын ескере отырып, Advances in Nuclear Science and Applications журналы ядролық физика саласындағы алдыңғы қатарлы зерттеулермен айналысатын ғалымдар арасындағы білім мен ынтымақтастық алмасуға арналған маңызды алаңға айналатыны сөзсіз».
2025 жылдың наурызында жарық көрген алғашқы нөмірде ядролық ғылымның өзекті бағыттары бойынша алты сараптамалық мақала жарияланды:•квазибөліну және аса ауыр элементтердің синтезі,серпімді шашырау үрдістеріндегі оптикалық модельдер,e⁺e⁻ → ZH реакциясындағы электрослаб әсерлер,ядролық энергетикаға арналған керамикалық материалдар,ССР-Қ реакторының инфрақұрылымы, атом ядроларындағы қысқа әрекетті корреляцияларды зерттеу.
Журнал халықаралық ғылыми қауымдастықтың назарын қазірдің өзінде өзіне аударды. Жетекші зерттеу орталықтарының авторлары мен рецензенттері жарияланымдардың жоғары сапасын атап өтіп, журналдың табысты ғылыми болашағына сенім білдіруде.