2026 жылғы 31 тамыз – 4 қыркүйек аралығында Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында «Ядролық объектілердегі физикалық қорғау жүйесін жобалау және конфигурациялау» атты оқу курсы өткізілді. Оқыту АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қатерді азайту жөніндегі агенттігінің «Қауіпті бірлесіп азайту» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде ұйымдастырылды.
Курстың ашылу рәсімінде ЯФИ Бас директоры Саябек Сахиев қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, Институт қызметінің негізгі бағыттарымен қысқаша таныстырып өтті.
Курстың мақсаты – анықтау, бөгет қою және ден қою шараларын үйлестіру арқылы рұқсат етілмеген әрекеттердің қауіптері мен олардың ықтимал салдарларын азайтуға бағытталған ядролық объектіні физикалық қорғау жүйесінің кешенді конфигурациясын әзірлеу бойынша білім мен дағдыларды қалыптастыру.
Оқыту курсының мақсатты аудиториясы – ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жауапты және осы сала бойынша тәжірибесі бар мамандар. Курс жұмысына АҚБК, ҚСЭК, ЯФИ, Қазатомөнеркәсіп, ҚАЭС, ҮМЗ, Үлбі-ЖБЖ, ҰЯО, МАЭК ұйымдарының қазақстандық мамандары қатысты. Оқу курсы аясында теориялық және практикалық сабақтар, пікірталастар мен брифингтер өткізіліп, оның барысында тыңдаушылар қауіптер мен тәуекелдердің өзара байланысын сараптады, гипотетикалық ядролық объектіге тән ішкі және сыртқы қатерлерді анықтады, сондай-ақ құқық бұзушылардың рұқсатсыз әрекеттері нәтижесінде туындауы ықтимал салдарды бағалады. Жүргізілген талдау нәтижелері негізінде тыңдаушылар гипотетикалық объекті үй-жайларының физикалық қорғау жүйесінің конфигурациясын әзірледі.
Оқыту қорытындысы бойынша 14 қазақстандық маман курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар алды.