Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қазақстанның жетекші медициналық және ғылыми ұйымдары делегациясы Ядролық физика институтына келді

12 тамызда Ядролық физика институтында (ЯФИ) Қазақстанның денсаулық сақтау саласындағы жетекші мемлекеттік және ғылыми ұйымдарының басшылары мен мамандарынан құралған делегация болды. Олардың қатарында Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы, Ерекше қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы, Қарсыинфекциялық препараттар ғылыми орталығы және басқа да салалық мекемелердің өкілдері бар.

Сапардың мақсаты – сынақ зертханалары арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және халықаралық стандарттарды бірлесіп енгізу. Бұл туралы «Республикалық өнеркәсіптік микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС бас директоры Жандарбек Бекшин мәлімдеді. Оның сөзінше, мұндай қадамдар ұлттық реттеу жүйесінің сапасын арттырып, оны жаңа деңгейге көтереді.

Бағдарлама барысында делегация ЯФИ-дың Радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығының жұмысымен танысты. Бұл – Қазақстандағы радиофармацевтикалық препараттар мен иондаушы сәуле көздерін әзірлеу және шығару бойынша толық циклды жалғыз ғылыми-өндірістік орталық. Сондай-ақ, Институт – радиофармацевтикалық өнім өндірісіне арналған GMP сертификатына ие елдегі жалғыз ұйым. Бұл сертификат өнімнің халықаралық сапа және қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетінін растайды.

ЯФИ бас директоры Саябек Сахиев Институттың бейбіт атом технологияларын денсаулық сақтау саласына белсенді енгізіп жатқанын атап өтті. Бүгінде мекеме онкологиялық, эндокриндік және жүрек-қан тамыр ауруларын диагностикалау мен емдеуге арналған негізгі радиофармацевтикалық препараттарға деген ел қажеттілігінің 90%-ын қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы, АЭХА жобасы аясында, ЯФИ алғаш рет халықаралық жеткізілім жасап, ⁹⁹ᵐTc генераторы Қырғыз Республикасына жөнелтілді. Бұл оқиға ядролық медицинадағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадам болды.

Сапар соңында қонақтар ССР-Қ зерттеу реакторын және «Aqua dress» гидрогельді таңғыштарын өндіру учаскесін аралады.