2025 жылғы 04-08 тамыз аралығында ЯФИ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (ЯҚОО) Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы объектілерінің мамандары үшін «Ядролық материалдарды есепке алу және бақылау негіздері» тақырыбы бойынша оқыту курсын өткізді.
Курстың мақсаты – ядролық материалдарды есепке алу және бақылау жүйесін құрудың негізгі қағидаларын оқыту, жүйенің базалық элементтерімен, жүйені басқаруды таныстыру. Оқыту барысында ядролық физикалық қауіпсіздік режимін қамтамасыз ету, Қазақстанның нормативтік-құқықтық базасының талаптары мен АЭХА ұсынымдары, ядролық материалдарды есепке алу, бақылау және физикалық қорғау жүйелерінің өзара әрекеттесу мәселелері қозғалды. ЯҚОО нұсқаушылары теориялық, практикалық және көрсетілімділік сабақтарын жүргізіп, Орталықтың үй-жайларымен және оқу-жаттығу полигонымен таныстыру турын өткізді. Сондай-ақ, оқу курсының тыңдаушылары үшін ССР-Қ зерттеу реакторына бару туры ұйымдастырылды.
Оқыту қорытындылары бойынша «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ, «ҮМЗ» АҚ, «ЯФИ» РМК, және ядролық материалдарды есепке алу мен бақылауға жауапты уран өндіруші кәсіпорындарының 13 қазақстандық маманына курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар берілді.