2025 жылғы 8-19 желтоқсан аралығында Ядролық физика институтының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында «Физикалық қорғау жүйесін басқаруды ұйымдастыру» оқу курсы өткізіледі. Оқыту АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қатерді азайту жөніндегі агенттігінің «Қауіпті бірлесіп азайту» бағдарламасы бойынша ынтымақтастық шеңберінде ұйымдастырылған.
Курстың ашылуында ЯФИ бас директоры Саябек Сахиев қатысушыларға құттықтау сөзін арнап, Институттың негізгі қызмет бағыттары, оның ішінде үш оқу орталығының қызметі туралы қысқаша айтып берді. Сонымен қатар Астана қаласындағы АҚШ елшілігі жанындағы АҚШ ҚМ ҚАА бөлімі директорының орынбасары Евгений Каваленка және «ЮРС Федерал Сервисез Интернэшнл, Инк.» компаниясы Филиалының басшысы Александр Васильев сөз сөйледі.
Оқу курсының мақсаты - басқару және басшылық қағидаттары, қауіптер мен тәуекелдер, физикалық қорғау жүйесін жобалау негіздері, көлік қауіпсіздігі негіздері, физикалық қорғау жүйесінің жұмыс қабілеттілігін қолдау, сондай-ақ физикалық қорғау жүйесін тестілеуді қамтитын физикалық қорғауды қамтамасыз ету шараларын зерделеу. Оқу курсы аясында америкалық және қазақстандық нұсқаушылар теориялық сабақтар мен планшеттік оқу- жаттығулар өткізеді.
Курстың мақсатты аудиториясы - ядролық объектілерді басқаруға, ұйымдастыруға, физикалық қорғауды қамтамасыз етуге қатысатын, сондай-ақ ядролық объектілерді қорғауға жауапты мемлекеттік органдар мен атом саласы кәсіпорындарының мамандары. Курсқа АҚБК, ЯФИ, ҚАЭС, ҮМЗ, Үлбі-ЖБЖ, ҰЯО атынан барлығы 17 қазақстандық маман, сондай-ақ Ұлттық ұлан өкілдері қатысады.