Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институтының мамандары АҚШ-та ядролық материалдарды талдау әдістері бойынша тәжірибе алмасты

12–19 қыркүйек аралығында Қазақстан делегациясы құрамында Ядролық физика институтының қызметкерлері – Стратегиялық және орнықты даму департаментінің директоры Әділжан Серіков, бас директордың халықаралық байланыстар жөніндегі кеңесшісі Аскар Нәби және Радиациялық қауіпсіздік бөлімінің жеке дозиметриялық бақылау қызметінің бастығы Ернат Нұртазин – АҚШ Энергетика министрлігінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің Ядролық контрабандаға қарсы іс-қимыл және оны анықтау басқармасы ұйымдастырған ядерлік криминалистикаға арналған кездесулер мен оқу-жаттығуларға қатысты.

12 қыркүйекте Вашингтон қаласындағы Беттел институтында АҚШ Энергетика министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен кездесу өтті. Кездесуге АҚШ Энергетика министрінің орынбасарының көмекшісі Кристин Бэнт жетекшілік етті. Тараптар Ядролық физика институты базасында Ядролық криминалистика орталығын құру жобасының іске асырылу барысын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының уран концентраттары бойынша ядролық криминалистика мақсатында ұлттық деректер базасын құру жобасының келесі кезеңдерін талқылады.

15–19 қыркүйек аралығында Техас штатының Колледж-Стейшн қаласында Институт қызметкерлері заңсыз айналымнан алынған ядролық және радиологиялық материалдарды гамма-спектрометриялық талдауға арналған семинарға қатысты. Оқу-жаттығулар арнайы дайындалған Disaster City полигонында далалық жағдайда да, сондай-ақ Texas A&M университетінің зертханалық базасында да өткізілді.

Институт қызметкерлері Ядролық физика институтының жалпы қызметі туралы, сондай-ақ Институт зертханаларында жүргізілетін ядролық сот сараптамасы бойынша таныстырылымдар жасады.