Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институтының басшылығы мен Жапония атом энергиясы агенттігінің (JAEA) делегациясы арасында кездесу өтті

ЯФИ-дің шақыртуымен елорданы Агенттік президенті Масанори Когучи бастаған делегация сапарлады.

Кездесу барысында Агенттік басшысы Жапонияның 2050 жылға дейінгі декарбонизация бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама көміртексіз қоғам құру мақсатында ядролық энергетиканың рөлін кеңейтуді көздейді. JAEA үкіметтің атом саласындағы ғылыми-техникалық қолдау ұйымы ретінде осы мақсаттарға қол жеткізуде маңызды рөл атқаруға тиіс.

Когучи белгіленген көрсеткіштерге халықаралық ынтымақтастықсыз жету мүмкін еместігін атап өтті және ядролық технологияларды дамытуға Қазақстанның қосқан үлесін, сондай-ақ елдің атом саласындағы кең құзыреттілігін ерекше атады.

ЯФИ мен JAEA-ны көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық байланыстырады: жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар (ВТГР) технологиялары мен ядролық энергетика саласындағы бірлескен зерттеулер, сондай-ақ реактор технологиялары мен радиациялық мониторинг бойынша семинарлар мен оқу курстары.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар бірлескен зерттеу жобаларының ауқымын кеңейтуге, өзара іс-қимылдың жаңа перспективалық бағыттарын қарастыруға және қолданыстағы серіктестік байланыстарды нығайтуға келісті.