29 қаңтар күні Ядролық физика институтының Астана филиалында Орталық Азиядағы атом саласындағы әйелдер желісінің (Women in Nuclear Central Asia, WINCA) өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті дамыту, кадрлар даярлау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқылаудың негізгі тақырыбына айналды.
Сапар аясында қонақтар Астана филиалының қызметімен танысып, зертханалар мен ғылыми қондырғыларды, соның ішінде ауыр иондар шоқтарын пайдалана отырып іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге арналған бірегей ДЦ-60 үдеткіш кешенін аралап көрді.
Филиал басшылығы соңғы жылдардағы негізгі ғылыми нәтижелер мен жетістіктер туралы ақпарат ұсынды. Қазақстан Республикасының атом ғылымы мен өнеркәсібі үшін жоғары білікті мамандар даярлау, жастар бастамаларын дамыту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
WINCA миссиясы аясында Ядролық физика институтының Астана филиалы қызметкерлерінің шамамен 40 %-ын әйелдер құрайтыны және олардың ғылыми зерттеулерге, халықаралық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ атом саласы үшін жас мамандар даярлауға белсенді қатысатыны атап өтілді.
Кездесудің негізгі қонақтары қатарында атом саласы мен қауіпсіздік бағытындағы халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдері, жетекші шетелдік ғылыми орталықтардың сарапшылары, Орталық Азия елдеріндегі WINCA үйлестірушілері, Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ салалық ғылыми және талдамалық ұйымдардың басшылары мен мамандары болды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тағылымдамалар ұйымдастыру, жас кадрларды даярлау және Ядролық физика институты мен WINCA желісі арасындағы одан әрі өзара іс-қимыл перспективалары жөніндегі мәселелерді талқылады.