Өткен жылы Ядролық физика институты, ЦЕРН және NA62 эксперименті арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында ЯФИ қызметкерлері, атап айтқанда, бас директордың ғылыми жұмыс жөніндегіорынбасары Нұржан Садуаев, аға ғылыми қызметкер Ержан Мұхамеджанов және кіші ғылыми қызметкер Асел Мұхамеджанова алғаш рет SPS үдеткішінің шығарылған шоқтарында деректер жинауға қатысты. Ғалымдар бір ай бойы осы жылғы эксперименттік деректер жинаудың кезекті сессиясында жұмыс істеді. NA62 экспериментінің мақсаты - зарядталған К-мезонның П-мезонға және нейтрино-анти-нейтрино жұбына сирек ыдырауын іздеу. NA62 ЦЕРН-ның үздік эксперименттік жетістіктерінің бірі болып саналатын және өлшеу дәлдігі жоғары NA48, NA48/1, NA48/2 сериясындағы алдыңғы жоғары дәлдіктегі эксперименттердің жалғасы болып табылады.
2024 жылғы деректер жинау науқаны осы жылдың қарашасына дейін жалғасады. Болашақта ЯФИ тобы жиналған деректерді талдауға және 2025 жылғы деректер жинау науқанына дайындық пен оны өткізуге қатысатын болады.
Сонымен қатар, ЯФИ қызметкерлерінің араласуымен ЦЕРН халықаралық ынтымақтастық департаментінің кеңесшісі Кристоф Шафер мен БҰҰ және Женевадағы басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Молдахметтің кездесуі өтті. Кездесуде ЦЕРН мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.