Ядролық физика институтының ғалымдары мен жапондық әріптестері жаңа зерттеу кезеңіне дайындалуда. Бұл зерттеулердің нәтижелері экологиялық таза энергетиканы дамытуға және 2050 жылға дейін көміртексіз экономикаға қол жеткізуге үлес қоспақ.
25 тамызда Токио қаласында Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев бастаған делегация Жапония Атом энергиясы агенттігінің президенті Масанори Когучимен кездесті. Тараптар жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар технологиясын дамытуға бағытталған ұзақ жылдардағы табысты ынтымақтастықты атап өтті. Бұл жұмыстар Жапония Үкіметінің қаржылай қолдауымен және Халықаралық ғылыми-техникалық орталық жобалары аясында жүзеге асырылуда.
Биыл Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың жаңа жобасы басталды. Ол уранның бөліну өнімдерінің бірі – палладийдің жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторларға арналған отын құрамындағы кремний карбидінен жасалған қабықтың тұтастығына әсерін зерттеуге бағытталған. Сонымен қатар, бұл отынды реактордың өтпелі жұмыс режимдерінде сынақтан өткізу жоспары талқыланды. Зерттеуді іске асыруға арналған келісімшарт ағымдағы жылы жасалмақ.
Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев: «Қазақстан үшін алдыңғы қатарлы ядролық технологияларды халықаралық әріптестермен бірлесіп дамыту аса маңызды. Жапониямен бірлескен жобалар бізге болашақтың қауіпсіз әрі экологиялық таза энергетикасын құруға арналған жаһандық күн тәртібіне өз үлесімізді қосуға мүмкіндік береді».
Келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.