Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институтындағы салтанатты шара: Конституция күні мен Атом саласы қызметкерлері күніне арналған марапат

26 қыркүйекте Ядролық физика институтында Қазақстан Республикасы Конституциясы күні мен кәсіби мереке – Атом саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.

Атом ғылымы мен өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі мен еңбегі үшін Институттың 38 қызметкеріне іс-шара аясында келесі марапаттар табысталды:

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальдер;

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы агенттігінің ведомстволық наградалары;

Қазақстан Ядролық қоғамының марапаттары;

Ядролық физика институтының Бас директорының Құрмет грамотасы.

Қазақстан Республикасындағы Атом саласы қызметкерлері күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген және жыл сайын 28 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл кәсіби мереке атом саласының ел экономикасының негізгі әрі стратегиялық маңызды салаларының бірі екендігін айқындайды.

Бүгінде Қазақстанның атом саласы – ең жоғары технологиялы, ғылымға негізделген және табысты салалардың бірі болып саналады. Бұл саланың жетістіктері – тәуелсіз Қазақстанның табыстарының көрінісі, оның тұрақты дамуға және лайықты болашаққа ұмтылысының белгісі. Бұл болашақта атом энергетикасына маңызды рөл жүктеледі.

Салтанатты атмосфера, алғыс сөздер, мерекелік көңіл-күй мен шынайы құттықтаулар – осы атаулы күннің символына айналды. Шара еліміздің дамуына өз еңбегімен үлес қосып жүрген ядролық ғылым қызметкерлеріне арналған зор қошеметпен аяқталды.