28 қаңтарда Ядролық физика институтының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында ҚР ЭМ Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау Комитетімен бірлесіп АҚШ ЭМ ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің радиологиялық қауіпсіздік офисі ұйымдастырған физикалық қорғау және қауіпсіздікті басқару жөніндегі оқу курсы басталды.
Аталған курс халықаралық сарапшылар мен Қазақстанның әр өңірінен келген 24 қатысушы – онколог дәрігерлер, радиолог дәрігерлер және медициналық физиктер арасындағы тәжірибе алмасу мен білім жинау алаңына айналды. Төрт күн бойы қатысушылар Қазақстан мен АҚШ-тың кәсіби нұсқаушыларының жетекшілігімен радиоактивті көздермен қауіпсіз жұмыс істеу практикасын зерттейді.
Курстың ашылу салтанатында Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев сөз сөйлеп, Институттың ерекше рөлі туралы айтты. Ол Институттың Қазақстандағы атом энергетикасы саласында толыққанды зерттеулер мен әзірлемелер жүргізетін жалғыз ғылыми орталық екенін атап өтті. “Біз іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргіземіз, технологияларды дамытамыз және бейбіт мақсаттарға қызмет ететін, азаматтарымыздың денсаулығын қолдайтын өнімдер шығарамыз”, — деді бас директор.
Сонымен қатар, Институттың онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармпрепараттар өндірісіндегі қызметі де ерекше атап өтілді. Бүгінгі таңда барлық қазақстандық радиофармпрепараттардың шамамен 90%-ы осы Институтта өндіріліп, елдің медициналық мекемелеріне жерүсті және әуе көлігі арқылы жеткізіледі.
Физикалық қорғау бойынша курс радиологиялық қауіпсіздік саласындағы білім мен дағдыларды нығайтуға бағытталған кешенді шаралардың маңызды бөлігі болып табылады. Бұл курс тек қатысушылардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, халықаралық стандарттарға сәйкес ұлттық физикалық қауіпсіздік жүйесін нығайтуға ықпал етеді.
Курстың оқу бағдарламасы 31 қаңтарға дейін жалғасады.