Франция мен Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы әріптестікті нығайтуды жалғастыруда.
23 ақпанда Ядролық физика институтында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Василий Лавренов пен Институттың бас директоры Саябек Сахиевтің Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиогемен кездесуі өтті.
Келіссөздер барысында тараптар атом энергетикасы саласындағы қазақстан-француз ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанның болашақ ядролық энергетика секторы үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.
Бас директор Саябек Сахиев француз әріптестермен ынтымақтастық нәтижелі сипатқа ие екенін атап өтті. Бүгінде Институт Францияның Orano компаниясына кобальт-57 радиоизотопын жеткізуді жүзеге асыруда, сондай-ақ нейтрондық зерттеулер саласындағы жетекші еуропалық орталықтардың бірі — Laue–Langevin институтымен бірлескен ғылыми жобаларды іске асыруда. Сонымен қатар ССР-Қ зерттеу реакторы базасында әлемдік деңгейдегі суық және ультрасуық нейтрон көздерін құру бағытында жұмыс жүргізілуде.
Қазақстан тарапы үшін маңызды бағыттардың бірі — International Institute of Nuclear Energy институтымен бірлесіп білікті мамандар даярлау саласындағы ынтымақтастық. Бұл жұмыс білім беру бағдарламаларын дамытуға, тәжірибе алмасуға және атом саласындағы адами капиталды нығайтуға бағытталған.
Таныстыру сапары аясында Франция Елшілігінің делегациясы, оның құрамында Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже де болды, Институттың инфрақұрылымымен танысты. Қонақтар ССР-Қ зерттеу реакторын, сәулелендірілген материалдар мен радиоизотоптармен жұмыс жүргізілетін «ыстық камераларды», атом саласы мамандарын даярлауға арналған сыни стендті, сондай-ақ «Aqua dress» гидрогельді таңғыштары мен косметикалық өнімдерін өндіру учаскесін аралады. Делегацияға медициналық бұйымдарды стерилизациялау процесі таныстырылды.
Сапар қорытындысы бойынша Сильван Гиоге француз тарапының Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, соның ішінде атом энергетикасы саласындағы бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бастамаларын кеңейтуге мүдделі екенін білдірді.