Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институтында алғашқы PhD диссертациясын қорғау өтті

Ядролық физика институтында диссертациялық кеңес өз жұмысын қайта жаңғыртып, Институт тарихында алғаш рет философия докторы (PhD) дәрежесіне диссертация қорғау рәсімі өтті. Айта кетейік, Институттың диссертациялық кеңесі 2010 жылы жабылып, 15 жылдан кейін қайта жұмысын бастады. Бұл ғылыми зерттеулерді дамыту мен жоғары білікті мамандар даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Аталмыш шара әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлескен диссертациялық кеңес аясында ұйымдастырылды. 21 қаңтар күні ізденуші Қалжігітов Нұрсұлтан Қуандықұлы «6Li және 8Be жеңіл атом ядроларының микроскопиялық екі және үш кластерлі моделі» тақырыбындағы ғылыми жұмысын сәтті қорғады. Зерттеу «8D05308 – Ядролық физика» білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған.

Диссертация 6Li және 8Be ядроларының құрылымы мен резонанстық күйлерін қазіргі заманғы екі және үш кластерлі модельдерді пайдалана отырып зерттеуге арналған. Жұмыста кластерлердің өзара әрекеттесуінің шынайы шарттарын ескере отырып, ядролар құрылымы мен резонанстарына әсер ететін әртүрлі факторларды зерттеуге ерекше назар аударылды.

Отырыстың қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес төрағасы Саябек Сахиевтің басшылығымен жұмыс жоғары деңгейде орындалғаны атап өтіліп, оның философия докторы (PhD) дәрежесіне қойылатын ғылыми зерттеу талаптарына толық сәйкес келетіндігі расталды.

Ізденушіні осы маңызды кезеңнің сәтті аяқталуымен құттықтаймыз және ғылыми қызметте жаңа жетістіктер тілейміз!