Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика институты жетекші еуропалық синхротрондық орталықпен ғылыми диалогты кеңейтуде

26 қаңтарда Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің Төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің басшылығымен Францияға жасалған ресми сапар аясында,Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев жетекшілік еткен ЯФИ делегациясы Гренобль қаласында орналасқан Еуропалық синхротрондық сәулелену көзін (European Synchrotron Radiation Facility, ESRF) аралады.

ESRF – әлемдегі ең ірі ғылыми қондырғылардың бірі. Мұнда іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін аса жарық рентгендік сәулеленуге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

Жыл сайын ESRF мүмкіндіктерін әлемнің 30-дан астам елінен келген шамамен 10 мың ғалым пайдаланады. Бұл материалдардың атомдық деңгейдегі құрылымын бұзбай зерттеуге, сондай-ақ нақты уақыт режимінде жылдам жүретін үдерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер заманауи ғылым мен өнеркәсіптік технологиялардың дамуы үшін ерекше маңызға ие.

Сапар барысында делегацияны ESRF-тің бас директоры Жан Дайян (Jean Daillant) қарсы алып, ғылыми кешен бойынша экскурсия өткізді. Қонақтарға материал құрылымының уақыт бойынша қалыптасуын зерттеуге арналған ID02 эксперименттік станциясы, сондай-ақ бұйымдардың ішкі құрылымын, жасырын интерфейстері мен қабаттарын, оның ішінде материалдарды өңдеу үдерістерін зерттеуге мүмкіндік беретін ID31 станциясы таныстырылды.

ESRF-тің заманауи эксперименттік базасы жоғары технологиялық салаларда кеңінен қолданылады және Ядролық физика институтының зерттеу бағыттарын дамыту тұрғысынан айрықша ғылыми қызығушылыққа ие.