Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ядролық физика Институты мен Қазатомөнеркәсіп ынтымақтастықты кеңейтуде

Бүгін Ядролық физика институтына «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов бастаған делегация келді.

Қазатомөнеркәсіп делегациясы Қазақстандағы жалғыз стационарлық ғылыми-зерттеу атомдық реактор ВВР-К-ны аралады. Бұл реактор негізінде іргелі зерттеулер мен реакторішілік материалтану сынақтарынан бөлек, медициналық радиоизотоптар, өнеркәсіпке арналған гамма-көздер өндіріліп, нейтронды-активациялық талдау жүргізіледі.

Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев:

Бүгінгі таңда Ядролық физика институты – Қазақстандағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы толық ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар циклін жүргізетін жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы, атап айтқанда, іргелі және қолданбалы зерттеулер, технологияларды әзірлеу және өндіру- атап өтті.

Делегация сондай-ақ қашықтан басқарылатын манипуляторлар мен бақылау терезелерімен жабдықталған «ыстық камераларды» аралады. Олар қызметкерлерге радиоактивті материалдармен қауіпсіз режимде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, қатерлі ісік ауруларын диагностикалау және емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттардың өндірісі көрсетілді. Қазіргі уақытта Ядролық физика институты бейбіт атомды пайдалану саласындағы технологияларды белсенді енгізуде және қолдануда. ЯФИ Қазақстандағы отандық РФП-ның шамамен 75%-ын үнемі өндіреді және оларды елдің медициналық мекемелеріне жеткізеді. Биыл маусым айынан бастап Институт АЭХА-ның келісімі аясында Қырғызстанға молибден-99/технеций-99 генераторларын алғашқы жеткізуді бастады. Олар қатерлі ісік ауруларын диагностикалау үшін қолданылады. Сонымен қатар, Институт өндірістік мақсаттағы радиоактивті кобальт-57 изотопын Ресей, Германия, АҚШ және Францияға жеткізеді, Түркияға жеткізу жоспарлануда.

Қазатомөнеркәсіп делегациясы сондай-ақ радиациялық экологиялық мониторинг саласындағы жетекші орталықтардың бірі болып табылатын ЯФИ-дің кешенді экологиялық зерттеулер орталығын аралады. Қонақтарға радионуклидтік құрам мен сирек жер элементтерін зерттеуге арналған жабдықтар мен ядролық-физикалық талдау әдістері көрсетілді.

Кездесу барысында Қазатомөнеркәсіп пен Ядролық физика институтының өкілдері атом саласын және ядролық медицинаны қамтитын бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларының келешегін талқылады. Тараптар инновациялық технологияларды дамытуға және ғылыми базаны нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін білдірді.

Ядролық физика институтымен одан әрі ынтымақтастықтың үлкен мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Бірлескен зерттеулер мен әзірлемелер біздің позициямызды айтарлықтай нығайтып, атом саласына озық технологияларды енгізуге ықпал етуі мүмкін. Бұл серіктестік сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасуға арналған платформа құрып, біздің компанияның дамуына да, елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға да ықпал етеді, - деп атап өтті Қазатомөнеркәсіп Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Сондай-ақ, кездесу барысында Алматы қаласында 7-11 қазан аралығында өтетін V Халықаралық «Ядролық ғылым және технологиялар» форумында ЯФИ мен Қазатомөнеркәсіп арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы шешім қабылданды.