2022 жылдың 28 қарашасында ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» РМК-да журналист-блогерлерге арналған пресс-тур өтті. Пресс-тур "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС бірлесіп ұйымдастырылды.
Баспасөз-тур барысында 14 журналист-блогерге институттың қызмет бағытынан бастап ғылыми, өндіріс жетістіктері таныстырылды.
Баспасөз-тур алдымен ССР-Қ зерттеу реакторынан басталды. Журналистер арнайы екі кезеңдік тексерістен өтті. Кейін реакторлық кешенге бағытталып, радиациялық қауіпсіздік мамандарынан нұсқаулық алды. Орталық залда ССР-Қ бас инжерінің орынбасары Дәурен Нұғманов журналистерге реакторға анықтама беріп, құрылымын түсіндірді.
«ССР-Қ зерттеу реакторы 1967 жылы пайдалануға берілді. Көп мақсатты зерттеу реакторы болып табылады. Бассейн түріндегі су-су реакторы. Жылу қуаты 6 МВт. Уран 235 отынымен жұмыс істейді»-деді бас инженердің орынбасары.
ССР-Қ зерттеу реакторында төмен байытылған отынды қолдану арқылы жүргізелетін сынақтар мен өндіріс жайына бас инженердің орынбасары Мұхаметұлы Бақдәулет тоқталды.
«ССР-Қ ракторында зерттеулердің негізгі бағыты материалтану болып табылады. Нейтронды-активациялық анализдер жасалады. Медицина және өнеркәсіп үшін радиоизотоптар өндіріледі, жартылай асыл тастарды яғни (топаздарды) радиациялық бояу жүргізіледі. Археологиялық-геологиялық- нысандардың ішкі құрылымы зерттеледі», – деп түсінік берді Мұхаметұлы Бақдәулет. Сонымен қатар Мұхаметұлы Бақдәулет еліміздегі атом электр станциясын салу және атом саласында мамандардың жеткіліктілігіне қатысты блогерлердің бірқатар сауалдарына жауап берді.
Баспасөз-тур аясында блогер-журналистер кешенді экологиялық зерттеулер орталығына барды. Орталық басшысы Виктор Глущенко аналитикалық зертханаларға экскурсия жасады.
Баспасөз-тур соңында блогер-журналистердің институттың өндірістік бағытына қатысты сұрақтарға бас директор Саябек Сахиев жауап берді.
«Ядролық физика институтында өндірелетін радиофармпрепараттарға
Қазақстан үшін төмен баға қойылған. Мұның себебі біз үшін бірінші мақсат-халықтың денсаулығы, яғни емделуші үшін баға қолжетімді болуы керек.Қазақстанның кез-келген жеріне жеткізе аламыз. Тіпті шет елге жеткізуге болады. Тек оны тасуға біздегі әуе компанияларының лицензиялары жоқ. Кеше ғана Түркия Республикасына іссапармен барып келдік. Олар радиофармператтарға қызығушылық танытып отыр. Себебі, қазір оларда жұмыс істеп тұрған реактор жоқ. Ал,бізде медицинаға аса қажет йод, молибден ССР-Қ реактор арқылы өндіріледі. Алдағы уақытта түрік делегациясынан ұсыныз болса, қабыл аламыз. Бұл өз кезегінде медициналық туризмді дамытуға септігін тигізеді, – деді бас директор.
Пресс-тур соңына дейін журналистер мен блогерлер барлық көкейтесті сұрақтарына жауап алды.