Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Шекарасыз ғылым: ЯФИ-де «Атом. Ғылым. Технология» халықаралық мектеп-конференциясы басталды

Ғылым біріктіреді. Бүгін Ядролық физика институтында Қазақстан ғылымы күніне орай III Халықаралық мектеп-конференция «Атом. Ғылым. Технология» өз жұмысын бастады. Бұл жыл сайынғы іс-шара жас зерттеушілер мен Қазақстанның және шетелдің жетекші ғалымдарының басын қосатын маңызды алаңға айналды.

Биылғы конференция Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Италия, Индонезия және Ресейден келген 130 қатысушыны біріктірді — бұл алдыңғы конференциямен салыстырғанда екі есе көп. Қатысушылардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, МИФИ, Біріккен ядролық зерттеулер институты (БЯЗИ) және ҚР Ұлттық ядролық орталығы сияқты алдыңғы қатарлы университеттер мен ғылыми орталықтардың студенттері мен қызметкерлері бар.

Конференция аралас форматта — офлайн және онлайн өтуде, бұл қатысушылардың географиясын кеңейтіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Конференцияны ЯФИ-дің бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары Нұржан Садуев құттықтау сөзімен ашты. Өз сөзінде ол мұндай ғылыми мектептердің жас мамандардың зерттеу дағдыларын дамыту мен ғылымды халықаралық деңгейде ілгерілету үшін маңызды екенін атап өтті.

Конференция аясында заманауи ғылым мен технологияның маңызды бағыттарына арналған бірнеше секция ұйымдастырылды:

• Ядролық физика

• Материалтану және жаңа материалдар технологиясы

• Радиациялық экология және талдау әдістері

• Ядролық реакторлар физикасы және технологиясы

• Медицинада, өнеркәсіпте және ауыл шаруашылығында қолданылатын ядролық және радиациялық технологиялар

Қатысушылар осы бағыттардағы соңғы жетістіктерге ерекше көңіл бөлуде. Конференцияның үздік ғылыми еңбектері Ұлыбританияның беделді ғылыми басылымы Journal of Physics: Conference Series журналында жарияланатын болады.

«Атом. Ғылым. Технология» — бұл идеялар мен білім алмасуға, шабыттануға арналған платформа. Ол ғылыми байланыстарды нығайтып, болашақ зерттеушілер буынын қолдауға ықпал етеді.