17 қазанда Ядролық физика институтына АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп, институттың қызметімен танысып, ынтымақтастықты нығайту мақсатында кездесу өткізді. Сапар барысында Елші Ядролық қауіпсіздік оқу орталығын, ССР-Қ зерттеу реакторын, сондай-ақ Қазақстан, АҚШ және Канада арасындағы серіктестік аясында құрылған иондаушы сәулелену көздерінің пайдаланылған қоймасын аралады.
Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан Республикасы арасындағы ынтымақтастық аясында Ядролық физика институты көптеген табысты жобаларды іске асырды. Олардың ішінде физикалық қорғау жүйесін жаңғырту, ССР-Қ реакторын конверсиялау және Ядролық қауіпсіздік оқу орталығының ашылуы, сондай-ақ радиациялық қауіпсіздік саласында мамандарды оқыту жобалары бар. Қазіргі уақытта тараптар институт базасында Ядролық криминалистика бойынша өңірлік орталық құру жөніндегі ауқымды жаңа жобамен жұмыс істеуде.
Кездесу барысында Кешенді экологиялық зерттеулер орталығының басшысы Адилжан Серіков ядролық криминалистика саласындағы жетістіктер туралы егжей-тегжейлі баяндап, бұл бағыттың аймақтық және жаһандық қауіпсіздік үшін маңыздылығын атап өтті.
АҚШ Елшісі Дэниел Розенблюм институт қызметкерлеріне жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, ядролық қауіпсіздікті ілгерілетуге бағытталған бірлескен күш-жігердің маңыздылығын атап өтіп, серіктестік қатынастарды одан әрі дамытуға үміт білдірді.