2022 жылдың 30 қыркүйегінде Chioda Technol Corp (Жапония) президенті Атару Инуи, Лауэ-Ланжевен институтының жетекші ғылыми қызметкері (Франция) Валерий Несвижевский, Біріккен ядролық зерттеулер институтының директоры (Ресей) Григорий Трубников, ҚР Энергетика министрі Ақшолақов Болат Оралұлы пен ЯФИ РМК бас директоры Сахиев Саябек Қуанышбекұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесті. Кездесуде Қазақстанның ядролық ғылым саласын дамыту перспективалары талқыланды. Шетелдік ғылыми ұйымдардың басшылары қазақстан тарабымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытты.
Президент еліміздің атом энергиясын тек қана бейбіт мақсатта пайдалануды жақтайтынын айтты. Оның айтуынша, Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр және ядролық отын түрлерін өзі өндіреді. Елімізде ядролық саланы ғылыми-техникалық тұрғыда қолдай алатын ғылыми мекемелер мен инфрақұрылым бар.
Әңгімелесу барысында олар Қазақстанда атом энергетикасын дамыту, заманауи ядролық технологияларды пайдалану, отандық білікті кадрларды даярлау мәселелері жөнінде пікір алмасты.