Радиациялық экология және қоршаған ортаны мониторингі: ЯФИ-де мамандар заманауи бақылау әдістеріне оқытылды 2026 жылғы 1–4 маусым аралығында Ядролық физика институтында «Қоршаған ортаның радиациялық мониторингі – 2026 / Follow-up Training Course on Environmental Radioactivity Monitoring – 2026» атты жыл сайынғы оқу курсы өтті. Іс-шараны Кешенді экологиялық зерттеулер орталығы (КЭЗО) ұйымдастырды.
Курс бағдарламасы радиациялық экология негіздеріне арналды. Биыл тыңдаушыларға қоршаған орта объектілерінен сынама алу, оларды дайындау және талдаудың заманауи әдістерімен жұмыс істеу дағдыларын меңгертуге бағытталған практикалық сабақтарға ерекше көңіл бөлінді. Курс аясында 19 дәріс оқылып, Ядролық физика институтының ғылыми және зерттеу нысандарына таныстыру сапарлары ұйымдастырылды, сондай-ақ алынған теориялық білімді бекітуге бағытталған үш практикалық жұмыс орындалды.
Дәрістерді Integrated Support Center for Nuclear Nonproliferation, Security and Human Resource Development (ISCN), Japan Atomic Energy Agency (JAEA) ұйымдарының сарапшылары Ms. Yoko Watanabe мен Mr. Kotaro Ochi, Satbayev University-дің шақырылған оқытушысы Махаббат Күнарбекова, сондай-ақ Ядролық физика институтының мамандары жүргізді.
Курсқа Satbayev University, Алматы энергетика және байланыс университеті (АЭжБУ), әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (ҚазҰУ), Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және Ядролық физика институтының Кешенді экологиялық зерттеулер орталығының жас қызметкерлерін қоса алғанда, барлығы 15 тыңдаушы қатысты.
Курс қорытындысы бойынша Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев лекторларға оқыту үдерісіне қосқан үлесі, жоғары кәсібилігі және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс сертификаттарын табыстады.
Оқу нәтижелері бойынша қатысушылар курстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, ұсынылған материалдардың өзектілігін, бағдарламаның практикалық бағыттылығын және оқытушылардың кәсібилігін атап өтті. Әсіресе практикалық сабақтар мен институттың ғылыми инфрақұрылымымен танысу мүмкіндігі үлкен қызығушылық тудырды. Осындай білім беру іс-шараларын өткізу жас мамандардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және радиациялық қауіпсіздік, радиоэкология және экологиялық мониторинг салаларында білікті кадрлар даярлауға ықпал етеді.