Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ПРЕЗИДЕНТ КЕҢЕСШІСІ ЯФИ-ДІҢ ҒЫЛЫМИ ЖӘНЕ ӨНДІРІСТІК ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

18 ақпанда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Алексей Цой Ядролық физика институтында болды. Жұмыс сапары барысында еліміздің ғылыми инфрақұрылымының дамуы, ядролық технологиялар мен радиациялық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының іске асырылу барысы талқыланды.

Кездесу аясында Институттың ғылыми-техникалық базасының негізгі нысандары таныстырылды. Олардың қатарында ССР-Қ Қазақстандағы жалғыз стационарлық ғылыми-зерттеу реакторы, өмірлік маңызы бар радиофармацевтикалық препараттар өндірістік корпусы, «Aqua Dress» гидрогельді таңғыштарын шығаратын аймақ, ИЛУ-10 және ЭЛВ-4 электронды үдеткіштері бар.

Сондай-ақ DUNE, SHiP халықаралық эксперименттері және SPD NICA мега-сайенс жобасы аясында straw-детекторлар дайындайтын өндірістік алаң көрсетілді. Әзірленіп жатқан детекторлық технологиялар CERN (Швейцария), Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты және АҚШ-тағы Fermi National Accelerator Laboratory секілді жетекші ғылыми орталықтармен ықтимал кооперация мен жеткізілімдерге бағытталған.

Институт жаңа буын ядролық реакторлар мен термоядролық қондырғыларға арналған материалдарды сынақтан өткізеді. Сонымен қатар ядролық технологияларды өнеркәсіпке, ғылымға және медицинаға енгізу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Әсіресе онкологиялық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеуге арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіру маңызды бағыттардың бірі болып табылады.

Медициналық бағыттың дамуына ерекше назар аударылды. ССР-Қ реакторы мен Cyclone-30 циклотроны базасында халықаралық GMP стандарты бойынша аккредиттелген реакторлық радиофармацевтикалық препараттардың еліміздегі жалғыз өндірісі ұйымдастырылған. Институт йод-131 және молибден-99/технеций-99m негізіндегі препараттарды шығарады. Бұл өнімдер онкологиялық және өзге де әлеуметтік маңызы бар ауруларды диагностикалау мен емдеуде кеңінен қолданылады.

Жалпы алғанда, Институт Қазақстан Республикасының радиофармацевтикалық препараттарға деген қажеттілігінің шамамен 85 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті айтарлықтай азайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын күшейтеді.

Халықаралық ынтымақтастық 30-дан астам ұйымды қамтиды. Олардың қатарында CERN, МАГАТЭ, MIT және Дубна қаласындағы Біріккен ядролық зерттеулер институты бар. Бұл қазақстандық ғылымның жаһандық ғылыми-зерттеу кеңістігіне толыққанды интеграцияланғанын көрсетеді.

Сапар барысында Президент кеңесшісі Тәуелсіздік жылдары ғылыми институтттар арасында салынған салынған жаңа жатақханамен де танысты. 166 білім алушы мен маманға арналған жеті қабатты ғимарат заманауи тұру, оқу және ғылыми жұмыс кеңістіктерімен жабдықталған. Жобаны іске асыру тұрақты білім беру ортасын қалыптастыруға, білікті кадрларды тарту мен бекітуге, сондай-ақ Алматы облысында ядролық кластер мен ғылым қалашығын дамытуға ықпал етеді.

Алексей Цой Институттың елдің ғылыми инфрақұрылымын нығайтудағы, радиациялық технологияларды дамытудағы және ядролық шешімдерді медицина мен өнеркәсіпте қолдануды кеңейтудегі стратегиялық маңызын атап өтті.

Ядролық физика институты іргелі зерттеулерді, қолданбалы әзірлемелерді және кадр даярлауды біріктіретін жетекші ұлттық ғылыми-технологиялық платформа ретіндегі мәртебесін жүйелі түрде нығайтып, Қазақстан Республикасының ядролық саласының орнықты дамуына елеулі үлес қосуда.