2026 жылғы 7-11 қыркүйек аралығында ЯФИ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (ЯҚОО) қазақстандық мамандар үшін ядролық материалдарды есепке алу және бақылау негіздері бойынша кезекті оқыту курсын өткізді.
Курстың мақсаты – тыңдаушылардың кәсіпорында ядролық материалдарды есепке алу және бақылау жүйесін ұйымдастыру, оны тиімді жүргізу үшін қажетті кәсіби білімі мен дағдыларын қалыптастыру.
Курс аясында ЯҚОО нұсқаушылары теориялық, тәжірибелік және көрсетілімділік сабақтарын жүргізіп, Орталықтың үй-жайларымен және оқу-жаттығу полигонымен таныстыру турын ұйымдастырды.
Оқыту курысының теориялық бөлігінде Қазақстанның нормативтік-құқықтық базасының талаптары мен АЭХА ұсынымдары қарастырылып, ядролық материалдарды есепке алу және бақылау жүйесін құрудың негізгі қағидаттары мен базалық элементтеріне ерекше назар аударылды, сондай-ақ жүйені басқару, оның тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ядролық материалдарды есепке алу, бақылау мен физикалық қорғау жүйелерінің өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Тәжірибелік сабақтар барысында тыңдаушылар есепке алу және есеп беру құжаттамасын жүргізу дағдыларын жетілдіріп, оқу-жаттығу қоймасына физикалық түгендеу және инспекциялық тексеру жүргізді, сондай-ақ анықталған сәйкессіздіктер мен ауытқуларға ден қою тәртібін пысықтады. Бұдан бөлек, курс аясында ядролық қондырғыларда орын алған үш төтенше жағдай талданды. Нақты сценарийлерді қарастыру тыңдаушыларға алған білімдерін іс жүзінде қолдануға, ықтимал тәуекелдерді бағалауға және қажетті әрекет ету шараларын айқындауға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар тыңдаушылар үшін ССР-Қ зерттеу реакторына бару ұйымдастырылды, онда олар оның негізгі техникалық сипаттамаларымен, жүргізіліп жатқан жұмыстарымен және зерттеулерімен жан-жақты танысты.
Уран өндіруші кәсіпорындарының ядролық материалдарды есепке алу мен бақылау қызметіне тартылған он төрт қазақстандық маман курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар алды.