Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ЯФИ мен ФТИ арасындағы ынтымақтастық талқыланды

19 қаңтар күні Ядролық физика институтына Физика-техникалық институтының директоры Серікқанов Абай бастаған делегация жұмыс сапарымен келді. Кездесудегі мақсат алдағы уақытта екі жақты ынтымақтастық орнату бағыттарын талқылау.

Физика-техникалық институт 30 жылдан астам тарихы бар Қазақстандағы материалтану, жоғары энергетикалық физика және ғарыштық сәулелер саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институттардың бірі. Институт жасыл энергетика және ғарыштық сәулелерді зерттеу жұмыстарымен танымал. Негізгі бағыты ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізу болып табылады.

Екі жақты кездесу барысында алдағы уақытта бірлесіп атқаруға болатын жобалар талқыланды. Физика-техникалық институт директоры Серікқанов Абай мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында және болашақ сала мамандарын даярлау бағытында жұмыстар атқаруға ұсыныс білдірді.

Екі жақты тараптардың талқылауы аясында алдағы уақытта сутегі энергиясы, ғарыштық сәулелер физикасы аясында бірлесіп жұмыстар атқаруға болатыны айтылды.

Сонымен қатар Ядролық физика институтының жұмысымен толық танысу мақсатында Физика-техникалық институтының делегациясына экскурсия ұйымдастырылды. Кешенді экологиялық зерттеулер орталығы, ССР-Қ зерттеу реакторы және радиациялық материалтану зертханасының жұмысы таныстырылды.