Нейтрондық зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, заманауи ғылыми инфрақұрылымды іргелі және қолданбалы міндеттерді шешуге тиімді пайдалану, сондай-ақ Ядролық физика институты мен Лауэ–Ланжевен институты арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары Қазақстан мен Франция делегациялары арасындағы Гренобль қаласында 27 қаңтарда (Франция) өткен диалогтың негізгі тақырыбына айналды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев жетекшілік еткен Институт делегациясы, сондай-ақ Лауэ–Ланжевен институтының (Institut Laue–Langevin, ILL) басшылығы, оның ішінде бас директор Кен Андерсен қатысты. Талқылау нейтрондық ғылымды дамыту және халықаралық ғылыми серіктестіктің орнықты форматтарын қалыптастыру мәселелеріне арналды.
Лауэ–Ланжевен институты — жылдық бюджеті 100 млн еуродан асатын, Франция, Германия және Ұлыбритания бірлесіп басқаратын нейтрондық зерттеулер саласындағы әлемдік жетекші ғылыми орталықтардың бірі. Пайдаланушы моделіне негізделген жұмыс жүйесі бірегей құралдық базаға кең қолжетімділікті қамтамасыз етеді, ал зерттеулердің шамамен 20 пайызы өнеркәсіптік қолдануға бағытталған.
Кездесу барысында Ядролық физика институты өзінің негізгі ғылыми бағыттарын таныстырды. Институттың стратегиялық және орнықты даму департаментінің директоры Адилжан Сериков ЯФИ қызметі мен ССР-Қ зерттеу реакторы базасында нейтрондық зерттеулерді дамыту жөнінде баяндады. «Ультрасалқын нейтрондар физикасы» ғылыми бөлімінің жетекшісі Қылышбек Тұрлыбекұлы ССР-Қ реакторы негізінде ультрасалқын нейтрондар көзін құру жобасының ағымдағы жағдайы мен оны іске асыру жоспарларын ұсынды.
Лауэ–Ланжевен институтының ғылыми бағдарламаларымен танысу зерттеу инфрақұрылымын аралаумен толықтырылды. Қатысушылар қуаты 58 МВт-қа дейінгі зерттеу реакторын, сондай-ақ жоғары дәлдіктегі нейтрондық құралдарды, оның ішінде өте салқын және ультрасалқын нейтрондардың PF2 көзін көрді.
Кездесу қорытындысы бойынша биылғы жылдың 25–29 мамырында Ядролық физика институтының алаңында Лауэ–Ланжевен институты сарапшыларының қатысуымен таныстыру семинарын өткізу жоспарлануда. Семинар нейтрондық инфрақұрылым мүмкіндіктері мен ынтымақтастық перспективаларына арналмақ.