25 желтоқсанда Ядролық физика институтының Ғылыми кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіне келесі маңызды тақырыптар енді:
24-ші есептік ғылыми-техникалық конференцияның қорытындылары, онда негізгі зерттеулердің нәтижелері қаралып, болашағы зор әзірлемелер ұсынылды.
2024 жылға арналған Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының атқарған жұмыстары туралы есеп, онда халықаралық әріптестік пен стратегиялық бастамаларды іске асыру саласындағы жетістіктер атап өтілді
Атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасының меңгерушісі, PhD Асет Шаймерденовтың қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын беру жөніндегі кандидатурасы қаралды.
2025 жылға және алдағы кезеңдерге арналған Ғылыми кеңестің жұмыс жоспары мен құрамын бекіту.
Ғылым жөніндегі бас директордың орынбасары Нұржан Садуев 18-20 желтоқсан аралығында өткен 24-ші есептік ғылыми-техникалық конференцияның қорытындыларын ұсынды. Конференция барысында жыл бойы жүзеге асырылған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың нәтижелері көрсетілді. Барлығы 51 баяндама ұсынылды, оның ішінде 10-ы мақсатты қаржыландыру бағдарламалары, 41-і гранттық қаржыландыру, 4-і Халықаралық ғылыми-техникалық орталықпен ынтымақтастық, 1-і МАГАТЭ, 2-і радиоэкологиялық зерттеулер және 1-і Ғылым қоры бойынша жүзеге асырылған жобаларға арналды. Сонымен қатар, Ақсай филиалының атқарған жұмыстары туралы есеп тыңдалды. Конференция қорытындысы бойынша ғылыми қызметті одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірленді.
Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Раушан Қабатаева 2024 жылы басқарманың атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі есеп ұсынды. Ол Ядролық физика институтының АҚШ, Жапония және Еуропа елдерінің атом өнеркәсібі ұйымдарымен ғылыми ынтымақтастық, радиофармпрепараттарды жеткізу және кадр даярлау бағыттарындағы белсенді өзара іс-қимылы туралы айтап өтті. Сонымен қатар, МАГАТЭ бағдарламалары шеңберінде іске асырылып жатқан жобаларға, SHiP (ЦЕРН) сияқты халықаралық коллаборацияларға және 68-ші МАГАТЭ Бас конференциясы, МАГАТЭ-дегі Қазақстанның сайт-ивенті және KazAtomExpo көрмесі сияқты ірі халықаралық іс-шараларға қатысу турасы баяндады.
Раушан Қабатаева өз баяндамасының соңында институт қызметкерлерінің алдағы сапарларын және халықаралық жобаларды дамытуды қоса алғанда, 2025 жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Есеп Ядролық физика институтының халықаралық ғылыми аренадағы жетекші рөлін атап көрсетіп, одан әрі ынтымақтастық бағыттарын белгіледі.
Отырыста Атом энергиясының қауіпсіздігі мәселелері зертханасының меңгерушісі, PhD Асет Шаймерденовтың қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын беру туралы кандидатурасы ұсынылды. Кандидатураны Ғылыми хатшы Қарлығаш Мунасбаева таныстырды. Асет Шаймерденовтың кандидатурасы бірауыздан қолдау тауып, белгіленген тәртіппен әрі қарай қарастыруға жіберілді.