Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған XXXIV сессия барысында Астана қаласындағы Ядролық физика институтының директоры Максим Здоровец сөз сөйледі. Ол Қазақстанның ядролық технологияларды дамытудағы ғылыми үлесіне тоқталып, былай деді:
«Бүгінде мен ЯФИ-дің астаналық филиалын басқарып, ядролық технологияларды дамытуға үлес қосудамын. Филиалымыз халықаралық ғылыми қауымдастық тарапынан мойындалған. Соңғы 10 жылда біздің ауыр иондар үдеткішінде 22 елдің ғалымдары жұмыс істеді. Бұл – Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ғылыммен айналысуға болатынының дәлелі».
Сондай-ақ, ол филиал қызметкерлерінің орташа жасы — 30 екенін атап өтті:
«Бұл жай ғана ұрпақ ауысуы емес. Бұл – жастардың өз елінің болашағына деген сенімі. Жас ғалымдар Қазақстанды таңдайды».
Сөзінің соңында ол еліміз алдында тұрған ауқымды міндеттерге назар аударды:
«Президент бастамасымен қолға алынған жобалар бүгінде нақты іске асуда. Қазақстан атом электр станцияларын салудан бастап, ядролық кластер құруға дейінгі биік мақсаттарға сенімді қадам басуда. Бізде бейбіт атом саласында әлемдік көшбасшы болуға қажетті барлық ресурс пен әлеует бар».