Ядролық физика институты мен П.Н.Лебедев атындағы Ресей Ғылым академиясының физикалық институты білім және ғылым саласы бойынша әріптестік орнатты.
Өткен аптада Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев Ресей мемлекетіне іссапары аясында П.Н.Лебедев атындағы физикалық институтының директоры Николай Колачевскиймен кездесіп, ынтымақтастық келісімшартына қол қойды. Аталмыш құжат негізінде тараптар, яғни ЯФИ РМКмен РҒАҒАФИ бірлескен ғылыми жобалар мен бағдарламаларды жүргізуге, магистратура және аспирантура бағдарламалары бойынша білім беру процесін қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетуге,жас ғалымдар мен аспиранттардың,мамандардың ғылыми біліктілігін арттыру мақсатында өзара тәжірибе алмаса алады.Сондай-ақ екіжақты бірлескен ғылыми семинар,конференция өткізу мүмкіндігіне ие.
Айта кетелік, П.Н.Лебедев атындағы физикалық институт (ҒАФИ) Ресейдегі ең ірі және ең көне ғылыми-зерттеу орталығының бірі болып табылады.Институттың ғылыми тақырыбы физиканың барлық негізгі бағыттарын қамтиды.Бүгінгі таңда институт ұжымында 1600-ге жуық адам бар; оның ішінде 800 ғылыми қызметкер, 22 РҒА мүшесі, 200-ге жуық доктор және 400 ғылым кандидаты.