Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Иондаушы сәулелену көздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету

2023 жылдың 23-26 мамыр аралығында ЯФИ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы базасында «Иондаушы сәулелену көздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі объектінің жоспарын әзірлеу» тақырыбында семинар өтті. Семинарды Қазақстан-Америка энергетикалық әріптестігі аясында АҚШ Энергетика министрлігінің Ұлттық ядролық қауіпсіздік жөніндегі әкімшілігінің Радиологиялық қауіпсіздік кеңсесі ұйымдастырды.

Семинар мақсаты – атом саласы кәсіпорындары мен медициналық мекемелердің мамандарына радиоактивті көздерді пайдалану және сақтау кезінде олардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарларын әзірлеу және іске асыруда көмек көрсету.

Семинар радиоактивті көздердің физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жоспарларды әзірлеуге және іске асыруға қатысатын Қазақстанның мемлекеттік органдардың, атом саласы кәсіпорындарының, медициналық мекемелерінің мамандарына арналған. Оқыту барысында АҚШ және Қазақстан нұсқаушылары теориялық және тәжірибе сабақтарын өткізді. АҚШ ЭМ Тынық мұхиты Солтүстік-Батыс ұлттық зертханасының американдық нұсқаушылары ZOOM ақпараттық платформасын пайдалану арқылы онлайн режимінде семинар жұмысына қатысты.

Оқыту қорытындысы бойынша радиоактивті көздердің физикалық қауіпсіздігі шараларын сақтауды қамтамасыз етуге жауапты 22 қазақстандық маманға оқуды сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.