Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Институттың 2025 жылғы алғашқы Ғылыми кеңес отырысы: негізгі шешімдер мен стратегиялық бастамалар

5 ақпанда Ядролық физика институтында биылғы жылдың алғашқы Ғылыми кеңес отырысы өтті. Отырыста ғылыми қызметті дамыту, стратегиялық бастамалар және жұмыс жоспарлары қарастырылды.

Күн тәртібі:

  1. 2025 жылға арналған жұмыс жоспары мен Ғылыми кеңестің жаңа құрамын бекіту.
  2. Ядролық кластерді әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру.
  3. Әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ғылыми-зерттеу жобасын ұсыну.
  4. 2025–2027 және 2026–2028 жылдарға арналған гранттық жобаларды талқылау.
  5. Ғылым күніне арналған жас ғалымдар конференциясына дайындық.

Отырыс Ғылыми жұмыс жөніндегі бас директордың орынбасары Нұржан Сәдуевтің баяндамасымен ашылды. Ол 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын және Ғылыми кеңестің жаңа құрамын таныстырды. Өз сөзінде ол Кеңестің биылғы жылғы қызметі стратегиялық ғылыми даму, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, институттың ғылыми әлеуетін нығайту, халықаралық жобаларға интеграция және ядролық технологияларды дамыту мәселелерін қамтитынын атап өтті.

Сондай-ақ, отырыста Кешенді экологиялық зерттеулер орталығының басшысы Мария Севериненко бірауыздан Институттың Ғылыми кеңесі құрамына қабылданды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ядролық кластер құру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Институтта жаңа жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының құрамын өндіріс жөніндегі бас директордың орынбасары Евгений Ермаков таныстырды.

Оның құрамына енді:

С. Сахиев – Бас директор

Е. Ермаков – Өндіріс жөніндегі Бас директордың орынбасары

С. Сәдуев – Ғылыми жұмыс жөніндегі Бас директордың орынбасары

М. Төлегенов – Ядролық, радиациялық және экологиялық қауіпсіздік департаментінің директоры

Ядролық кластер құру – елдің атом саласын дамытудағы маңызды кезең. Президент Үкіметке және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеуді, болашақ АЭС-тер салынатын алаңдарды анықтауды және заманауи, қауіпсіз технологияларды таңдауды тапсырды.

Отырыс барысында «Ядролық физика институтының Қазақстанның стратегиялық және тұрақты дамуына қосқан үлесі: атом энергиясын пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер, әзірлемелер және озық әлемдік технологияларды енгізу» атты ғылыми-зерттеу жобасы таныстырылды.

Аталған жоба Әл-Фараби атындағы Қазақстан Республикасының ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр. Оның мақсаты – елдің ғылыми және технологиялық әлеуетін арттыруға Институттың қосқан үлесін көрсету, сондай-ақ атом энергетикасына заманауи технологияларды енгізу.

Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Алимжан Қапанов Ғылым күніне арналған жас ғалымдар конференциясын өткізу жоспарын таныстырды.

Конференция 2025 жылғы 16–17 сәуірде өтеді және ядролық физика мен оған іргелес салаларда жұмыс істейтін жас ғалымдарды біріктіреді. Бұл ғылыми жетістіктермен алмасу, жаңа зерттеу бағыттарын талқылау және ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін маңызды алаңға айналады.

Ғылыми кеңес өз жұмысын жыл бойы жалғастырып, Институттың стратегиялық дамуы мен негізгі ғылыми міндеттерін орындауға бағытталған шараларды жүзеге асырады.