Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Институтта ядролық криминалистиканың Ұлттық кітапханалары бойынша семинар өтуде

12 наурызда Институт базасындаАҚШ-тың ядролық контрабанданы анықтау және алдын алу басқармасының қызметкерлері ұйымдастырған Ұлттық ядролық криминалистика кітапханалары бойынша консультациялық іс-шара басталды.

Үш күндік іс-шара аясында АҚШ пен Қазақстанның ядролық криминалистика саласындағы мамандары ядролық криминалистиканың Ұлттық кітапханаларын құру бойынша тәжірибелерімен бөліседі, ядролық қауіпсіздіктің негізгі мәселелерін талқылайды, ядролық оқиғаларға байланысты бірқатар практикалық тапсырмаларды орындайтын болады.

Аталған іс-шараның жұмысын Институттың бас директоры Саябек Сахиев ашып, институт қызметінің негізгі бағыттарының бірі атом саласы үшін жоғары білікті кадрлар даярлау болып табылатынын атап өтті. Ол үшін Атом қуаты халықаралық агенттігі мен АҚШ Энергетика министрлігінің қолдауының негізінде радиациялық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік және деструктивті бақылау әдістері бойынша Оқу орталықтары ашылғанын жеткізді. Қазіргі уақытта Институт мамандары американдық серіктестермен бірлесіп Институт базасында Ядролық криминалистика бойынша өңірлік орталық құру жөніндегі жобаны әзірлеуде.

Сондай-ақ, іс-шараның бірінші күні Институт қызметкерлері, Халықаралық қатынастар жөніндегі бас директордың кеңесшісі Асқар Набижәне кешенді экологиялық зерттеулер орталығының бастығы Әділжан Серіков Институт қызметкерлерінің ядролық криминалистика саласындағы атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндама жасады.

Айта кету керек, Ядролық физика институты Қазақстандағы ядролық және радиоактивті материалдардың сот сараптамасы жөніндегі ресми зертхана болып табылады, 20 жылдан астам уақыт бойы еліміздің құқық қорғау органдарына арнайы зерттеулер жүргізуде қолдау көрсетіп келеді.