«Қауіпсіз әлем үшін ғылымдағы 30 жыл». Осы атаумен 6 маусымда Елордада Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың мерейтойына арналған конференция өтті.
Конференция жұмысына Ядролық физика институтынан бас директордың орынбасары Нұржан Садуев, кешенді экологиялық зерттеулер орталығының бастығы Адилжан Сериковжәне атом энергиясы қауіпсіздігі мәселелері зертханасының меңгерушісі Асет Шаймерденовтен құралған делегация қатысты.
ХҒТО атқарушы директоры Дэвид Клив (David Cleave) құттықтау сөз сөйлеп, қатысқандардың барлығына осы мерекеге қатысқандары үшін алғыс білдірді.
Конференция ғылым мен технологияларды дамытудағы ХҒТО рөлі, сондай-ақ әлемдік қоғамдастықтың ағымдағы күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланған панельдік секциялардан тұрды. "ХҒТО-ғылым, қауіпсіздік және қауіпсіз әлем құру" панельдік секциясына спикерлердің бірі ретінде Садуев Нұржан қатысып, Институт пен ХҒТО ынтымақтастығының тарихы мен болашаққа жоспарлары туралы айтып берді.
Бейбіт атомды пайдалану жолында Ядролық физика институты мен Халықаралық ғылыми-техникалық орталық 25 жылдан астам уақыт бойы табысты ынтымақтасып, ядролық ғылым мен технологияларды бірлесіп дамытып келеді. Осы уақыт ішінде ЕО, АҚШ және Жапониядан келген әріптестердің қатысуымен оннан астам тұрақты және серіктестік жобалар сәтті жүзеге асырылды. Ынтымақтастық аясындағы Қазақстан Республикасында ядролық криминалистиканы дамыту жөніндегі жобаларды, ССР-Қ реакторында жүргізілген бірлескен әртүрлі зерттеулерді, сондай-ақ нәтижелері ең жоғары рейтингті ғылыми журналдарда жарияланған MIT-мен жүргізілген жобаны атап өтуге болады.