Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

ФЯҚЖО халықаралық желісінің субөңірлік тобы

2025 жылғы 24-27 қараша аралығында Болгария, София қаласында Физикалық ядролық қауіпсіздік саласындағы кадрларды даярлау және қызметке жәрдемдесу орталықтары халықаралық желісінің (ФЯҚЖО желісі) Субөңірлік тобының мүшелері арасындағы ынтымақтастық бойынша техникалық кеңес өтті. Жұмыс кеңесі Болгарияның жетекші және ең көне университеттерінің бірі болып табылатын Ұлттық және әлемдік экономика университетінің базасында ұйымдастырылды.

Кеңестің мақсаты – құрамына Болгария, Венгрия, Қазақстан, Литва, Румыния және Украина кіретін ФЯҚЖО желісінің Субөңірлік тобының мүшелері арасындағы үйлестіру жұмыстары мен ынтымақтастыққа қолдау көрсету.

Қазақстан мен Румыния осы субөңірлік топтың жұмысына алғаш рет қатысты, себебі олар Субөңірлік топқа 2025 жылы ғана қосылған болатын. Кездесуге Қазақстан тарапынан Ядролық физика институтының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының өкілі М.А. Идрисова қатысты. Кездесуге субөңірлік топ елдерінің өкілдерінен басқа, АЭХА Ядролық қауіпсіздік департаментінің Физикалық ядролық қауіпсіздік бөлімінің қызметкері К. Роуз болды.

Кездесу барысында Субөңірлік топ елдерінің оқу орталықтарының мәртебесі мен қызметі туралы өзекті ақпарат ұсынылды. Сондай-ақ, топқа кіретін елдердің хабарламалары тыңдалып, өзара ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды.

М.А. Идрисова қатысушылардың назарына «Қазақстандық Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығында персоналды даярлау» атты таныстырылымын ұсынды. Ол таныстыру барысында АҚШ ЭМ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық әкімшілігінің қолдауымен Институт базасында құрылған ЯҚОО жұмысы туралы мәлімет берді.