Ядролық объектінің сенімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін физикалық қорғау жүйесінің жабдықтарына тұрақты түрде техникалық қызмет көрсету қажет.
Бейнебақылауды, қолжетімділікті бақылауды және дабыл беру жүйесін қамтитын, қазіргі заманғы физикалық қорғау жүйелері үнемі жетілдіріліп отырады, сондай-ақ оларды баптау, диагностикалау және жөндеу үшін мамандандырылған білім мен дағдыларды талап етеді. Мамандардың тұрақты тәжірибелік дайындығы мен біліктілігін арттыру апаттық жағдайлар мен техникалық ақауларға әсер ету уақытын қысқартып, объектінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді.
2026 жылғы 14–18 қыркүйек аралығында ЯФИ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығы (ЯҚОО) қазақстандық мамандар үшін «Физикалық қорғау жүйесіне техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жоспарлау және жүргізу» атты оқыту курсын өткізді.
Курс бағдарламасы теориялық және тәжірибелік дайындықты қамтыды. Курс барысында тыңдаушылар техникалық жұмыстарды жүргізу кезіндегі қауіпсіздік ережелерін, соның ішінде өрт және электр қауіпсіздігі ережелерін, сондай-ақ биіктікте атқарылатын жұмыстарға қойылатын талаптарды пысықтады. Бұдан бөлек, техникалық қызмет көрсетуді жоспарлау және оны жүргізу, тиісті құжаттаманы рәсімдеу және орындалған жұмыстардың нәтижелерін талдау мәселелері қарастырылды.
Оқыту үдерісінің едәуір бөлігі тәжірибе сабақтарға арналды. Тыңдаушылар нұсқаушылардың жетекшілігімен физикалық қорғау жүйелерінің жабдықтарына диагностика жүргізіп, ақауларды анықтады және оларды қалпына келтіру бойынша шағын жөндеу жұмыстарын атқарды.
Оқу барысында ЯФИ Бас директоры Саябек Сахиев тыңдаушыларға Институттың негізгі қызмет бағыттары және оны одан әрі дамыту жоспарлары туралы таныстырылым ұсынды. Сонымен қатар тыңдаушылар үшін ССР-Қ зерттеу реакторына бару ұйымдастырылып, онда олар оның негізгі техникалық сипаттамаларымен, жүргізіліп жатқан жұмыстарымен және зерттеулерімен жан-жақты танысты.
Тестілеу қорытындысы бойынша уран өндіруші кәсіпорындардың он алты қазақстандық маманы курсты сәтті аяқтағаны туралы сертификаттар алды.