Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Ерлікке тағзым — ардагерлерге құрмет

9 мамыр күні Алатау ықшам ауданында Ұлы Жеңістің 78 жылдығына арналған бірқатар мерекелік шаралар ұйымдастырылды. Ядролық физика институтының ұжымы игі шаралар қатарына өз үлесін қосып, ұрпаққа ұран болған ұлы жеңістің жоғарғы деңгейде атап өтілуіне атсалысты.

Мерекелік шара аясында аудан белсенділерімен соғыс ардагері Костоморов Василий Михайловичтің шаңырағында болып, қарияны Жеңіс мерекесімен құттықтады. 97 жастағы Василий Михайлович 1944 жылы Кеңес армиясына шақырылып, Ташкентте жас жауынгер курсынан өтіп, майданға жіберілген ардагер. Польша аумағында бірінші Белорусь майданының құрамындағы шайқастарға қатысқан. Аяғына алған оқ жарақатының салдарынан жеңісті госпитальде қарсы алған майдангер. «Ерлігі үшін» медальмен марапатталған. Соғыс аяқталған соң, электр энергетикасы саласында қызмет еткен.

Сонымен қатар, ЯФИ қызметкерлері «Ардагерлер алаңы» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батырларға құрмет көрсетті және Алатау шағын ауданының аумағында өткен «Мәңгілік данқ» жалпыұлттық шеруіне қатысты.