Жаңалықтар

Жаңалықтар, оқиғалар, хабарландырулар

Бас директордың Түркістан облысы әкімімен кездесуі

Ядролық физика институтының ғылыми-өндірістік қызметімен таныстыру және оңтүстік өңірдегі маңызы зор салаларды дамыту турасында 18 cәуір күні бас директор Саябек Сахиев Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен кездесті.

Күн тәртібіндегі бас тақырыптар қатарында Түркістан облысындағы онкологиялық орталықтарға Институт өндірісіндегі қазіргі және болашақ радиофармпрепараттарынды ендіру және онкологиялық ауруды диагностикалау және емдеу үшін бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томографияны (ОФЭКТ) жарақтандыру мәселелері сөз етілді. Онкологиялық ауруларды анықтаудың бұл әдісі Қазақстанда тек ядролық физика институтында өндірілетін Технеций-99 (99Tc) изотопы бар радиофармпрепаратты қолдануға негізделген.

Еліміздегі радиофармпрепараттардың 85%-ы Ядролық физика институтында өндірілетінін жеткізген бас директор, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу мақсатында қазіргі таңда Институт өндіретін F-18, 99 Tc, 131 I радиофармпрепараттарымен таныстырды. Олардың Алматы, Астана, Шымкент, Семей қалаларының ядролық медицина орталықтарына тасымалданатынын атап өтті.

Кездесуді қорытындылай келе облыс әкімінің орынбасары Институт өкілдерінің қатысуымен өңірдің әлеуметтік маңызды мәселелерін талқылау үшін және бірлескен жұмыстар атқару мақсатында 2024 жылдың 10 мамырында Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті базасында облыстың денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, университет өкілдерімен кеңейтілген жиналыс өткізуді ұсынды.